Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар озық технологияларды ұтымды қолдануы керек екенін де айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында елдегі экономикалық реформалар мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда экономикада іргелі реформалар жүзеге асырылып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндеттердің бірі ретінде белгіленген.
Индустрияландыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Мемлекет пен шетелдік инвесторлардың қаржысы есебінен еліміздің барлық өңірінде жаңа өндіріс орындары ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылуда.
Сонымен қатар халықтың тұрмысы мен экономикалық өсіміне тікелей әсер ететін коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту жұмыстары басталды.
Ұлттық қор қаржысы стратегиялық жобаларға бағытталады
Мемлекет басшысы ұзақ мерзімді экономикалық және әлеуметтік нәтиже беретін стратегиялық жобаларды қаржыландыру жоспарланып отырғанын айтты.
Оның ішінде Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән берілді.
«Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Ұлттық қордың тиімділігі оның нақты нәтижесімен және келешек ұрпаққа беретін пайдасымен өлшенетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы балалардың болашағына инвестиция салумен қатар, өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігін айтты.
«Еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады», – деді Президент.
Бұл мәселелер Мемлекет басшысының алдағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кеңірек қарастырылмақ.
Ғылым мен жасанды интеллекті дамытуға басымдық берілуде
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ғылымды, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға бағыт алғанын атап өтті.
Сонымен қатар әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтардың әлеуетін арттыруға басымдық берілетінін айтты. Бұл ретте білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрия салаларын дамытуға ерекше назар аударылмақ.
Президент мақсатшыл, табанды әрі еңбекқор азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Президент жастарды еңбек пен тәртіпке үндеді
Мемлекет басшысы жастар арасында еңбек пен тәртіптің маңызын кеңінен түсіндіру қажет екенін айтты.
«Біз жастарға еңбек пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Себебі, бұл – табысқа жетудің көзі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік жауапкершілікті күшейту және сындарлы азаматтық ұстанымды қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
Оның пікірінше, салиқалы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру елдің одан әрі дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Оқи отыыңыз: Әлемде тұрақсыздық белең алған алмағайып кезде Қазақстанның халықаралық беделі биік тұр – Тоқаев