Әлемде тұрақсыздық белең алған алмағайып кезде Қазақстанның халықаралық беделі биік тұр – Тоқаев

Ақорда
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде реформаларды жалғастыру қажет екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қазіргі геосаяси және технологиялық өзгерістерге тоқталып, Қазақстанның жаңа жағдайларға бейімделуі үшін ауқымды реформаларды жалғастыру маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда әлемдегі жағдай күрделеніп, мемлекеттер арасындағы сенім деңгейі төмендеген. Бұл халықаралық ұйымдардың, соның ішінде БҰҰ институттарының жұмысына да әсер етіп отыр.

Сонымен қатар жаһандық өзгерістер жағдайында өңірлік халықаралық ұйымдардың рөлі артып, әлемдік аренада «орта державалар» деп аталатын мемлекеттердің ықпалы күшейіп келеді. Қазақстан да осы санаттағы елдердің бірі ретінде аталды.

Мемлекет басшысы әлемдегі маңызды өзгерістердің бірі ретінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуын атап өтті. Оның пікірінше, бұл үдерістің болашақтағы ықпалы әлі толық болжанбайды және жаңа мүмкіндіктермен қатар, белгілі бір қауіптерді де туындатуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда мемлекеттердің жаңа дәуірге бейімделуі үшін экономикалық және ғылыми әлеуетін күшейтіп, егемендігін нығайтуы маңызды екенін айтты.

Оның пікірінше, бұл ретте адам әлеуетін дамыту айрықша маңызға ие.

«Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар елдің қазіргі және болашақтағы ықтимал жаһандық сын-қатерлерін ескере отырып жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, әлемдегі өзгерістерге бейімделу үшін реформалардың қарқынын сақтау ғана емес, қажет болған жағдайда оны одан әрі жеделдету маңызды.

Жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, адам әлеуетін күшейту және жаһандық сын-қатерлерге алдын ала дайын болу.

Оқи отырыңыз: Құрылтай депутаттарына ерекше жауапкершілік жүктеледі - Президент