Мемлекетке 4,5 млрд теңге шығын келтірген күдікті Грузиядан экстрадицияланды

05.11.2026 11:57

Күдікті медициналық жабдықтарды отандық өнім ретінде сатқан

Аlmaty.tv

Қазақстан азаматы Грузиядан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады және жалған медициналық бұйымдарды өндіріп, өткізді деген күдікпен елге қайтарылды. Оны экстрадициялау шарасын Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды, деп хабарлайды Almaty.tv Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, күдікті мемлекеттік медициналық ұйымдардың жабдық сатып алу жөніндегі тендерлерінде басымдыққа ие болу үшін отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алған.

Ол медициналық техниканы Қазақстанда өндіретіні туралы мемлекеттік органдарға жалған ақпарат берген. Алайда іс жүзінде өнім отандық өндірістен шықпаған. Медициналық жабдықтар шетелден әкелінген бөлшектерден құрастырылып, мемлекеттік медициналық ұйымдарға Қазақстанда өндірілген тауар ретінде сатылған.

Осының салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам шығын келген.

Қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған күдікті халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурызда ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға 7 адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі мүлікті жымқыру деректері бойынша іздеуде болған.

Оқи отырыңыз: Алматыда сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды

Толық көрсету