Мемлекеттік қызметшілер күні: Алматыда үздік мамандар марапатталды

23.06.2026 20:41

Іс-шараның мақсаты – осы салада адал еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлерді құрметтеу және олардың елеулі үлесін атап өту

Алматыда Мемлекеттік қызметшілер күнінде саланың үздік мамандары марапатталды. Салтанатты жиында тынымсыз еңбегімен көзге түскендерге ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табысталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Мемлекеттік қызмет ардагері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілері тағылды. Іс-шараның мақсаты – осы салада адал еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлерді құрметтеу және олардың елеулі үлесін атап өту.

«Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргеніме 30 жылдай болып қалды.  Алматы қаласы басшылығы менің жұмысымды бағалап,марапат беріп жатқанына алғыс айтамын. «Арнайы мемлекеттік қызметтің үлгісі» төсбелгісін алдым. Бұл – еңбегімнің нәтижесі», – деді Әуезов ауданы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Сәуле Омарова.

Елімізде 1 шілдеден бастап «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң қолданысқа енеді. Ол мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және қоғам алдындағы ашықтық пен есептілік қағидаттарын нығайтуға негізделген.

«Жаңа заңның маңыздылығы – мемлекеттік органдардың кадрлық жүйесін кең көлемде цифрландыруға бағытталғандығында. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Басты мақсат – олардың қоғам игілігі үшін тиімді еңбек етуіне жағдай жасау, әрбір қабылданатын шешімнің жан-жақты ойластырылып, жауапкершілікпен қабылдануын қамтамасыз ету. Жаңа заңда көптеген өзгерістер мен жаңашылдықтар көзделген», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы департаменті басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан.

Оқи отырыңыз: Полиция – ел қорғаны: Алматыда тәртіп сақшылары марапатталды