Жиында қала әкімі Дархан Сатыбалды полиция қызметкерлерін құттықтап, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді
«Полиция – ел қорғаны». Алматыда дәл осындай атаумен тәртіп сақшылары күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, құқық қорғау органдарының ардагерлері мен полиция қызметкерлері қатысты. Басқосуда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында үздік қызметімен ерекшеленген тәртіп сақшылары марапатталып, көп жылғы мінсіз еңбегі үшін бірқатар маманға шаһар басшысының Алғыс хаты табысталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы – елдегі қауіпсіздік деңгейі жоғары мегаполистердің бірі. Өйткені шаһардағы қоғамдық тәртіпті тәулік бойы 7 мыңға жуық полиция қызметкері қамтамасыз етеді. Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесінде шаһардың Республика сарайында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиында қала әкімі Дархан Сатыбалды полиция қызметкерлерін құттықтап, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.
«Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құқық қорғау органдарының жұмысы ауыр әрі қатерлі. Бұл саладағы әрбір маманның қызметі маңызды. Халқымыздың бейбіт өмір сүріп, өз елінің болашағына сеніммен қарауы өздеріңіздің адал қызметтеріңізге байланысты» деп еңбектеріңізге жоғары баға берді. Қазақстан полициясының абыройы асқақ, беделі биік болсын! Ел тыныштығын сақтау жолында еңбектеріңізге жетістік тілейміз!» – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Салтанатты жиында қызметтік борышын мінсіз атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауға сүбелі үлес қосқан полиция қызметкерлеріне қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Жалпы кәсіби мерекеге орай жүзге жуық тәртіп сақшысының еңбегі еленіп, құрметке ие болды.
«Полиция күніне орай Алматы қаласы әкімінен марапаттау алдым. Өте қуаныштымын. Бұл салада, тергеу қызметін бес жылдан бері атқарып келем. Алматы қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасында жұмыс істеймін. Барша әріптестерімді полиция күнімен құттықтаймын!» – деді Полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Заманбек Тазабеков.
«Біздің жұмыс оңай емес. Түн жоқ бізде. Күндіз-түнді осы халықтың тыныштығын сақтап жүрген әріптестерімізге, мың алғыс. Өзіміз де сол қатардамыз. Күш-қуат бәріңізге. Біріншіден, шүкір, жұмысқа келіңіздер. Бұрынғыдай емес, әкімнің өзі де айтып өтті ғой, жағдай жасалып жатыр», – деді Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Жасұлан Таубай.
Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қазақстандық эстрада жұлдыздары сахна төрінде ән шырқап, күнделікті қауырт қызметте жүрген тәртіп сақшыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Полиция қызметкерлеріне жүктелетін рөл өте ерекше. Ел қауіпсіздігі, қала тыныштығы мәселесінде өте үлкен рөл атқарады. Жергілікті атқарушы орган, әкімшілік тарапынан материалдық-техникалық қолдау барынша, барлық жаңа технологиялар бірінші кезекте Алматыда пайда болады. Күннен күнге бейнекамералардың саны көбеюде. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері 200 мың бейнекамераның көмегін пайдаланып отыр», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек
Айта кетейік, тәуелсіздік жылдарынан бері Алматы қаласында 77 тәртіп сақшысы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан. Оның 37-сі қылмыскерлердің қолынан көз жұмды. Олардың ерлігі мен есімі ел жадында мәңгі сақталады.
Айдана Шалқар. Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматыда 3 мыңнан аса мемлекеттік қызметші ел игілігі үшін еңбек етуде