Мемлекеттік қызметті жаңғырту: Алматыда үшжақты меморандумға қол қойылды

Келісімнің мақсаты –  «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» тұжырымдамасын бірлесіп іске асыру

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жергілікті атқарушы органдардағы жас мемлекеттік қызметшілердің үлесі – 30 пайыз. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы филиалы және Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімінде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Келісімнің мақсаты –  «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» тұжырымдамасын бірлесіп іске асыру. Жоба креативті және талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

«Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға көптеген мүмкіншілік көзделген. Орташа баллы 3,33-тен төмен емес жоғары оқу орнын бітірген түлектер аудандық немесе ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға және басшылық емес лауазымдарға конкурссыз жұмысқа қатыса алады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке кіру айтарлықтай жеңілдетілген. Барлық процестер цифрландырылып, онлайн форматқа ауыстырылды», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы департаменті басшысының міндетін атқарушы Еркеболат Нұржігітов.

Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Алматының Наурызбай ауданында 35 жоба жүзеге асырылып жатыр