Мемлекеттің қызметі – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту - Сапарбай Жобаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап мемлекеттен берілетін жәрдемақы мен зейнетақы 6,5 пайызға көтерілді. Сонымен қатар бала тууға байланысты бір реттік мемлекеттік жәрдемақы сомасы да өсті. Енді 3 балаға дейін туғандарға 149 мың 416 теңге беріледі. Төрт және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналарға 247 мың 716 теңге табысталады. Ал мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға және 1-топ мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы 6,5 пайызға өсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қазақстан әлеуметтік мемлекет екені айтты. Елімізде әлеуметтің әлеуетін арттыруға баса мән беріліп отыр. Бюджет шығыстарының көп бөлігі әлеуметтік төлемдерді төлеуге бағытталғанын да айта кету керек. Биылдан бастап зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және денешынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысы бұл азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция екенін атап өтті. Экономист Сапарбай Жобаев бюджет қаражатының әлеуметтік салаға көптеп бөлінуінің өзіндік себебін атады.

"Қазақстандағы 40 пайыз әлеуметтік бюджеттің шығындары дұрыс деп есептелінеді. Біз оны көбейтуіміз керек. Егер инфрақұрылымды жақсартып алсақ, 50-60 пайызға дейін көтеріледі. Мемлекеттің қызметі – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту", – деді экономист Сапарбай Жобаев.

Сүбелі сұхбатта елдегі заң мен тәртіп туралы да сөз қозғалған. Мәселен, биыл 1 шілдеден бастап қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша 3 дербес кассациялық сот жұмысын бастайды. Осылайша азаматтарымыз мемлекеттік органдар тарапынан бұзылған құқығын қорғай алмақ. Былтыр бірнеше заңнамалар өзгертіліп, кейбір құжатта заң күшейтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев заңның қабылдануы істің басы ғана екенін еске салды. Ал заңгердің айтуынша,  олардың орындалуы маңызды.

"Мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Сонда ғана бұл заңның қандай да бір нәтижесі немесе көрінісі болады. Қылмысты жауып тастасақ, мемлекет те, халық та ештеңе ұтпайды", – деді заңгер Жандос Тұяқов.

Сонымен қатар әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң қабылданды. Бұл құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты, турасын айтқанда, масқара әрекеттердің тамырына балта шабу көзделген. Азаматтардың үсті-үстіне несие алып, қарызға батуына жол бермеуді көздейтін заң қабылданды. Соған сәйкес, несиесін 90 күннен артық уақыт төлей алмай жүрген адамдарға кәсіпкерлікке қатысы жоқ несие беруге тыйым салынды.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктер: Президент сұхбатында қамтылған басты мәселелер қандай

Новости партнеров