Менингококк инфекциясы: алғашқы белгілері мен алдын алу шаралары қандай
Менингококк инфекциясы – ауа-тамшы жолымен таралатын қауіпті жұқпалы ауру
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті менингококк инфекциясының алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Менингококк инфекциясы – ауа-тамшы жолымен таралатын қауіпті жұқпалы ауру. Инфекция жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде қоршаған ортаға бөлініп, мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабығына түседі,
Ауруға көбіне балалар шалдығады. Статистика бойынша, науқастардың шамамен 70%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Аурудың негізгі белгілері
Менингококк инфекциясы кенеттен басталып, төмендегі белгілермен көрінуі мүмкін:
- дене қызуының көтерілуі (әсіресе 39°C-тан жоғары);
- қатты бас ауруы (қарапайым ауырсынуды басатын дәрілер әсер етпеуі мүмкін);
- құсу;
- ұйқышылдық пен әлсіздік;
- теріде жұлдызша тәрізді геморрагиялық бөртпенің пайда болуы.
Осындай белгілер байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Алдын алу шаралары
Менингококк инфекциясын жұқтырмау үшін келесі сақтық шараларын ұстану маңызды:
-
Қол гигиенасын сақтау – қолды сабынмен жиі әрі мұқият жуу, әсіресе қоғамдық орындарға барғаннан кейін.
-
Бөлмені желдету және тазалау – дезинфекциялық құралдарды қолдану арқылы жұқтыру қаупін төмендету.
-
Адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу – әсіресе аурушаңдық деңгейі артқан кезеңде.
-
Ауру белгілері пайда болған жағдайда – уақыт оздырмай дәрігерге қаралу.
Менингококк инфекциясының алдын алу – әр адамның жауапкершілігі. Өз денсаулығыңызды және жақындарыңызды қорғау үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтаңыз.
Оқи отырыңыз: Дәрігер қатерлі ісік тудыруы мүмкін өнімді атады