Менингококк инфекциясы: алғашқы белгілері мен алдын алу шаралары қандай

15.02.2026 12:38

Менингококк инфекциясы – ауа-тамшы жолымен таралатын қауіпті жұқпалы ауру

 

Depositphotos.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті менингококк инфекциясының алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Менингококк инфекциясы – ауа-тамшы жолымен таралатын қауіпті жұқпалы ауру. Инфекция жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде қоршаған ортаға бөлініп, мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабығына түседі,

Ауруға көбіне балалар шалдығады. Статистика бойынша, науқастардың шамамен 70%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.

Аурудың негізгі белгілері

Менингококк инфекциясы кенеттен басталып, төмендегі белгілермен көрінуі мүмкін:

  • дене қызуының көтерілуі (әсіресе 39°C-тан жоғары);
  • қатты бас ауруы (қарапайым ауырсынуды басатын дәрілер әсер етпеуі мүмкін);
  • құсу;
  • ұйқышылдық пен әлсіздік;
  • теріде жұлдызша тәрізді геморрагиялық бөртпенің пайда болуы.

Осындай белгілер байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Алдын алу шаралары

Менингококк инфекциясын жұқтырмау үшін келесі сақтық шараларын ұстану маңызды:

  • Қол гигиенасын сақтау – қолды сабынмен жиі әрі мұқият жуу, әсіресе қоғамдық орындарға барғаннан кейін.

  • Бөлмені желдету және тазалау – дезинфекциялық құралдарды қолдану арқылы жұқтыру қаупін төмендету.

  • Адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу – әсіресе аурушаңдық деңгейі артқан кезеңде.

  • Ауру белгілері пайда болған жағдайда – уақыт оздырмай дәрігерге қаралу.

  • Менингококк инфекциясының алдын алу – әр адамның жауапкершілігі. Өз денсаулығыңызды және жақындарыңызды қорғау үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтаңыз.

    Оқи отырыңыз: Дәрігер қатерлі ісік тудыруы мүмкін өнімді атады