Мердігерлер тұрғындар алдында жауапты болуы тиіс - сәулетшілер

Алматыда жауапсыз мердігерлерге қарсы қатаң шаралар қолданылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматыда құрылыс жүргізуге рұқсат алған компаниялар әкімдіктің емес, ең алдымен, тұрғындардың алдында жауапкершілік танытуы керек». Бүгін сәулетшілер мен қоғам белсенділері осындай ой айтты. Сарапшылардың айтуынша, қала халқының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін мердігерлер істі уақытында аяқтауға тиіс. Сондай-ақ олар жұмысқа жауаптыларға қатысты ақпарат жер-жерде жариялануы керек дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Әсемдіктің символына айналған ару қала Алматының көркін бүгінде аяқсыз қалған құрылыс жобалары бұзып тұр. Себебі қазылып, қайта қалыпқа келтірілмеген жолдар, ісі толық бітпеген әлеуметтік нысандар мен уақытылы жөнделмеген саябақтардың саны әлі азаймай отыр. Мәселен, биыл мегаполисте жүзеге асырылып жатқан 150-ге жуық бастаманың 26-ында кемшілік анықталған. Қоғам белсенділері бұл мәселенің туындауына, ең әуелі, мердігерлердің «тойымсыздығы» әсер етіп отыр дейді. 

«Кейбір компаниялар қосалқы мердігерді жалдайды да, техникасы, тағы басқа қажетті нәрсесі жетіспей жатады. Оған бір тендерден бөлек, тағы бірнеше тендерді жеңіп алып, бірін бастап, екіншісіне уақыты, адамдары, техникасы жетпей, жұмыс мерзімін созып жатады», - деді қоғам белсендісі Талғат Жанысбай.

Техникасы жоқ, маманы тапшы әрі істі сағызша созған компаниялар, осылайша, көпке қолайсыздық тудырады. Аяқсыз қалған шаруа бірін жұмысқа кешіктіреді, бірін сағаттап кептелісте күттіреді. Ал сәулетші мамандар қауіпсіздікке көңіл бөлмейтіндердің де бар екенін жасырмайды.  

«Бізде жаяужолды жапса болды, жүруге мүмкіндік қалмай қалады. Негізінен құрылысқа арналған тиісті қағидалар бар. Құжатта іс жүргізілетін жерде қосымша жол жасалуы керек екені жазылған. Оның барлығы қауіпсіздік үшін. Ал енді мердігерлерге келсек, тиянақтылық танытпағандарды «жауапсыз» деп танып, сол санатқа қосып қоя салу аздық етеді. Себебі, олар компаниясын жауып, басқасын ашып алып, ісін жалғастыра беруі мүмкін. Сондықтан деректер базасы болуы керек, тұрғындар кімнің нендей іспен айналысып отырғанын білгені абзал», - деді сәулетші-урбанист Ерқанат Заитов.

Сондай-ақ сарапшылар бақылауды күшейту, жобалардың кепілдік мерзімін ұзарту, іске жүйелілік енгізу – мәселенің оң шешім табуына көмектеседі дейді.

Еске салайық, қала әкімі бұған дейін мердігер компания өкілдерімен кездесуінде бассыздыққа жол берілмейтінін атап өткен еді. Шаһар басшысы немқұрайлылық көрсеткендер тапсырыстан да, лицензиядан да айырылады деп кесіп айтты.

«Кейбір компаниялар бір нысанды бітірмей жатып, жаңасын қолға алатын келеңсіз әдет қалыптастырған. Мұндай тәжірибеге мүлде жол беруге болмайды. Өйткені мәселе адамдардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірі туралы болып отыр. Егер мердігер міндетін тиісті деңгейде орындамаса, қала жобаларында жұмыс істеуіне тыйым салу керек», - деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Шаһар келбетін жақсарту, тұрғындарға ыңғайлылық тудыру, сапаға мән беру – бүгінгі құрылыс саясатының өзекті тұсы. Себебі, енді жауапсыздыққа жол берілмейді. Әр басталған іс халық сенімін ақтауға бағытталуы тиіс.

Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Полиция "Қайрат" – "Пафос" ойыны қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтті

Новости партнеров