Мерейлі отбасы-2025: Алматы облысында үздіктер анықталды

01.08.2025 21:57

Қарасай ауданынан келген Бекдайыр әулеті облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды

Алматы облысында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл өңірлік кезеңде 87 отбасы бақ сынап, үздік шыққан төрт әулетке алғыс хаттар мен ақшалай сыйақылар табысталған. Ел аумағында ұйымдастырылатын бұл байқау – отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық тәрбиенің маңызын арттыруға бағытталған бірегей жоба. Бұл іріктеуде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарына да баса назар аударылғанын айта кетейік.

Қарасай ауданынан келген Бекдайыр әулеті облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды. Әулет бірнеше буыннан бері ұлттық қолөнерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Қоңыр Бекдайырдың өзі – зергер. Ол үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сегіз немересі бар. Балалары мен немерелері де шеберлік жолын жалғастырып, қазақ қолөнерін дамытып жүр.

«Ұлттық қолөнердің барлық саласымен айналысамыз, сонымен мақтанамыз. Менің әкем зергер болған, сол істі жалғастырып отырмын, ертең ұрпақтарым да қолөнерді дамытады деп ойлаймын», – деді байқау жеңімпазы Қоңыр Бекдайыр.

Биыл байқауға облыс аумағынан 87 отбасы өтінім берген. Аудандық және қалалық кезеңдерде үздік шыққан 15 әулет облыстық кезеңге жолдама алды. Қазылар алқасы отбасылардың ұлттық салт-дәстүрді сақтауы, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі мен қоғамдық белсенділігіне ерекше мән берген.

«Халқымызға, жастарымызға үлкен тәрбиелік мәні зор шаралардың бірі. Отбасылық құндылықтарды дәріптейді. Балаларына үлгі болатындай, тәрбие бере алатын мерейлі отбасын таңдап алу – басты шарттардың бірі», – деді Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсел Жалғасбаева.

Бекдайырлар әулеті енді Алматы облысының атынан «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының республикалық кезеңіне қатысады. Финалдық марапаттау 12 қыркүйек – Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында өтпек.

Асыл Махметов, Алматы облысынан

Оқи отырыңыз: Үміт әрдайым жанымызда: мемлекет балаларға арналған инклюзивті контентті қалай дамытып жатыр