Биыл байқауға 220 отбасы қатысты
Сыр өңірінде «Мерейлі отбасы - 2026» ұлттық конкурсының жеңімпаздары анықталды. Отбасы құндылығын дәріптеп, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін байқауға биыл 220 отбасы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Отбасы – тәрбие ошағы, ең үлкен тағылым мектебі. «Мерейлі отбасы» байқауына биыл 220 отбасы қатысуға өтініш білдірген. Солардың арасынан үздіктері іріктеліп, 12 әулет түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
«Тасарықтағы фермада 36 жыл шопыр болып жұмыс істедім. Малды көбейттік. 1959 жылы үйлендім, тоғыз балалы болдық. Әйелім 47 жасында қайтыс болды, 5 қыз, 4 ұл бәрін өсіріп, үйлендірдім. 38 немерем, қырықтай шөберем бар», – деді «Берекелі отбасы» номинациясының иегері Әмірбек Шахмаранов.
Өнегелі ісімен, тындырымды тірлігімен көпке үлгі болған жарасымды жанұялар жүлдегерлер қатарына ілікті. Ұлттық конкурстың облыстық кезеңінде аралдық Құтмамбетовтер отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Әулеттің үлкені Ханкене Құтмамбетов – тыл ардагері. Жары Үрімжан Құтмамбетова 9 құрсақ көтеріп, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған.
«Мерейлі отбасына келіп, тіршіліктің жақсы қызығына қанығып отырмыз. «Өмірдің қызығы – бала» дейді ғой. Баланы өсіріп, жасынан бастап тәрбиелеуіміз керек. Оқуға баулуымыз керек. Оқып бітіргесін әке-шешесіне қамқорлық жасап, соларға көңіл бөлуі керек. Сол тәрбиені балалардың бойына сіңіріп жатырмыз, 35 немере, 47 шөбере бар», – деді тыл ардагері Ханкене Құтмамбетов.
«Атаңмен қосылғаныма 72 жыл болды. Тату-тәтті өмір сүріп келеміз, балаларды өсірдік. Шүкір, өнегемізді көрсетіп отырмыз», – деді батыр ана Үрімжан Құтмамбетова.
Облыстық байқаудың жеңімпазы Құтмамбетовтер әулеті «Мерейлі отбасы - 2026» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінде бақ сынайды.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: 2027 жылы 14,4 трлн теңгеден астам қаржы әлеуметтік салаға және экономиканың нақты секторына бағытталады