Мереке қарсаңында халық жаппай азық-түлік сатып алып, мектептер мен балабақшаларға тағам апарады
Көпшілік асыға күтетін көктемнің шуақты мерекесі — Наурыз жақындап келеді. Бұл күндері дастарханға наурыз көже, бауырсақ, бешбармақ, қазы-қарта, шұжық, қуырдақ, жент секілді түрлі тағамдар қойылады. Олардың қатарында тез бұзылатын өнімдер де бар, деп хабарлайды Almaty.tv Денсаулық сақтау министрлігіген сілтеме жасап.
Мереке қарсаңында халық жаппай азық-түлік сатып алып, мектептер мен балабақшаларға тағам апарады. Сондай-ақ елді мекендерде жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Осы кезеңде тағамнан улану мен инфекциялық аурулардың алдын алу үшін санитарлық талаптарды сақтау аса маңызды.
Іс-шара ұйымдастырушылары мен сатушыларға қойылатын талаптар:
іс-шараларды алдын ала жоспарлап, қатысушылар санын реттеу;
адамдардың шамадан тыс шоғырлануына жол бермеу;
тағам дайындау және сату кезінде санитарлық талаптарды қатаң сақтау;
үй жағдайында дайындалған өнімдерді сатпау;
қызметкерлерді арнайы киіммен қамтамасыз ету;
тез бұзылатын өнімдерді сақтау үшін тоңазытқыштардың болуы;
бір рет қолданылатын ыдыстарды пайдалану;
өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы.
Тұрғындарға кеңес:
тек қауіпсіз әрі сапалы тағам өнімдерін таңдаңыз;
балаларға берілетін тағамның жас ерекшелігіне сай болуына мән беріңіз;
әсіресе балалармен бірге адам көп жиналатын орындарда сақ болыңыз.
Мектептер мен балабақшаларда ата-аналар мен білім беру ұйымдары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтау мерзімі сақталмаған үй тағамдарын тұтынуға жол бермеуі тиіс.
Оқи отырыңыз: Шетелдіктер Қазақстанға қандай медициналық қызметтер алу үшін келеді