Қостанайда әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы сотталды

09.12.2024 15:21

Сотталушы 2017 жылдан бері өзі басқарған орталыққа жалған жұмысшыларды алып, зейнетақы төлемін жүргізіп, салығын төлеп, ал жалақысын өзіне қалдырып отырған

Қостанай облысында әлеуметтік бейімдеу орталығының бұрынғы басшысы «өлілерді» жұмысқа алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Азамат әккі әрекетінің «арқасында» 5 жылдың ішінде 11 миллион теңгеден астам қаржыны қалтасына басқан. Бюджет қаражатын ұрлау фактісі қызметтік тексеруден кейін расталып, істі Экономикалық тергеу департаменті ерекше бақылауға алыпты. Азамат дәл сот залында қамауға алынды. Айта кетейік, сотталушы 2017 жылдан бері өзі басқарған орталыққа жалған жұмысшыларды алып, зейнетақы төлемін жүргізіп, салығын төлеп, ал жалақысын өзіне қалдырып отырған. 

«Сот үкімімен бейімдеу орталығының басшысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», – деді Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина.

Оқи отырыңыз: Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды