Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде

Жаңалықтармен бөлісіңіз

“Мені Шерзаттың жанына жерлеңіздер”. Талғарда бір топ адамның қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ағасының денесі бүгін таңертең жасөспірім жерленген зираттың жанынан табылды. Бауырын қорғап қала алмағанына өкінген Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне қол салар алдында жақындарына хат жолдапты. Оны полиция департаменті көпшілікке жария етті. Ал қара жамылған отбасы болған жағдайға сене алар емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қара жамылған марқұм Шерзат Болаттың үйінен тағы бір мәйіт шықты. Жасөспірім жан тапсырған қаралы күні төбелеске қатысып, 3 пышақ жарақтын алған Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі інісі жерленген зираттың маңындағы сайдан табылды. Ол кеше шамамен түнгі сағат 23:30-да шығып кетіп, бір сағаттан соң жақындарына күйзеліп жүргенін, болған жайтқа өкінетінін жазып жіберген екен. Соңғы хатында ол “Мені Шерзаттың жанына жерлесеңдер болды” деп жазыпты.

Алдын ала белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың көлігі осы жерден табылды. Ер азамат алдымен қаза болған інісі Шерзаттың бейітіне келген екен. Бірнеше сағаттан кейін туыстары мен полиция қызметкері азаматтың денесін шамамен осы сайдың арғы бетінен тапқан. Ресми деректер бойынша ер азамат өз өзіне қол салған.

2 ай бұрын Шерзат Болатты жер қойнына тапсырған Нұрымовтар әулеті бүгін кенже ұлдарын соңғы сапарға шығарып салды. 30 жастағы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі үйіне жеткізілді. Ауыр өксік өзегін өртеген отбасы мүшелері бауырларының суицидке барғанына сенбейді. Олардың атынан заңгерлері сөйлеп, оқиғаны түсіндірді. Айтуларынша, Нұрқанат соңғы уақытта жұмысын қайта қолға алып, тергеуге қатысып жүрген.

"Нұрқанатпен бірге барлық тергеу әрекетіне қатысып жүрдік. Қазір қылмыстық іс 105-бап, суицидке итермелелеу дерегімен қозғалып отыр. Оның психологиялық жағдайы қаншалықты қиын болса да, ол ерлікпен бәрінен өтті, әділдікті іздеді. Ол соңғы уақытта өзінің ет сату кәсібімен қайта айналыса бастаған. Кешке шығып, бір емес бірнеше туысына күмәнді хат жазды. Отбасы мүшелері қатты күйзелісте, сөйлеуге де мұршалары жоқ", - деді Ш. Болаттың отбасының заңгері Саида Тәукелева

"Енді моралдық-психологиялық өте қиын, өздеріңіз білесіздер, өте қиын оларға. Олар Шерзатты жоғалтты. Жай бір туысы емес, туған  баласындай болды. Сондықтан бұл қиындық түсірді оған. Ылғи жандарында болдық, қандай-да бір Нұрқанаттың тарапынан өлтіру бойынша ондай болған жоқ", - деді  Ш. Болаттың отбасының заңгері Марал Жайлаубаева.

Облыстық Полиция департаменті марқұм Шерзат Болаттың отбасы тұрып жатқан үй үнемі қорғауда болғанын еске салды. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұм ағымдағы жылдың 4 қазанында қайғылы қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде, деді облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов.

Марқұм 30 жастағы Нұрқанат Ғайыпбаев отбасылы болған. Оның қабірі бауыры Шерзат Болаттың бейітінің жанынан қазылып жатыр.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, "Almaty TV" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында көлік ұрлап, ізін суытқан ер адам ұсталды

Новости партнеров