Соңғы үміт сәулесі: «Әділдік алаңы» өмір сүруге мүмкіндік іздеген мыңдаған тағдыр туралы баяндайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Almaty TV» телеарнасы заманауи қоғамның ең күрделі әрі нәзік тақырыптарының бірі — қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа арналған «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады. Бұл — медицина мен этика, құқық пен адам эмоциясы бетпе-бет келіп, жалғыз ғана шешім бірнеше адамға өмір сүруге мүмкіндік сыйлай алатын жағдай туралы оқиға.

Бүгінде 4,5 мыңнан астам қазақстандық өмірлік маңызы бар ағзаларды ауыстырып қондыру (трансплантация) үшін күту парағында тұр. Олардың көбі үшін ауруханадан келетін көптен күткен қоңырау жаңа өмірдің бастауы болуы мүмкін. Алайда, өкінішке қарай, жыл сайын емделушілердің бір бөлігі өмірлерін арашашалап қалатын операцияны күте алмай көз жұмады.

Бүкіл әлемде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық заманауи трансплантологияның негізі болып саналады. Ал Қазақстанда бұл тақырып әлі де болса көптеген сұрақтар, қауіптер мен қоғамдық пікірталастар тудырып келеді. 156 мыңнан астам азамат eGov порталы арқылы өз ұстанымын білдіргенімен, олардың тек 15 мыңға жуығы ғана қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімін берген.

Бағдарламаның жаңа шығарылымында сарапшылар, дәрігерлер, заңгерлер мен пациенттер Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, бұл саланы қандай мифтер қоршап тұрғанын және адам өмірін құтқаруда қоғамдық сенімнің неліктен басты рөл атқаратынын айтып береді.

Қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаевтың айтуынша, донорлық ағзалардың тапшылығы отандық медицинадағы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек.

Бүгінде күту парағында тек ересектер ғана емес, балалар да бар. Өкінішке қарай, көптеген пациенттер трансплантацияға жетпей қайтыс болып кетеді, — деп атап өтті Қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев.

Сондай-ақ көрермендер қайтыс болған донордан жүрек ауыстырып қондырудың арқасында жаңа өмірге мүмкіндік алған 25 жастағы алматылық Жанна Ұматаеваның оқиғасымен таныса алады. Бойжеткен тұқым қуалайтын генетикалық аурумен ауырып, ұзақ уақыт бойы жүрегінің кенеттен тоқтап қалу қаупімен өмір сүрген.

Мен небәрі 24 жаста едім, кез келген сәтте кенеттен қайтыс болып кетуім мүмкін еді. Қазір, шүкір, үнемі қорқынышпен күтіп өмір сүрмей, болашаққа жоспар құруға мүмкіндік туды. Еркін қозғалып, баспалдақпен көтеріле аламын, үйреншікті істермен айналысамын. Мен ақыры еркін өмір сүре бастадым, — деп бөлісті Жанна Ұматаева.

Бағдарламада донорлықтың құқықтық аспектілеріне ерекше назар аударылған. Сарапшылар жүйенің қалай жұмыс істейтінін, шешімді кім қабылдайтынын және заңнамада қандай қорғаныс механизмдері қарастырылғанын егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Ағзаларды отбасының рұқсатынсыз алып қоюы мүмкін" деген кең таралған қорқыныш шындыққа жанаспайды. Заңда нақты процедуралар қарастырылған, сондай-ақ әрбір азамат eGov порталы арқылы өз еркін алдын ала білдіре алады», — деп түсіндірді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Карина Көшербаева.

«Әділдік алаңы» көрермендерге тек медицинаны ғана емес, сонымен бірге адамгершілік, жауапкершілік және қоғамдық ынтымақтастық мәселелерін қозғайтын тақырып төңірегінде шынайы әрі ашық әңгіме ұсынады. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық — бұл тек қоғамдық талқылаудың нысаны емес. Бүгінде ауруханадан келетін құтқарушы қоңырауды күтіп жүрген мыңдаған адам үшін бұл — өмір сүрудің шынайы мүмкіндігі.

Оқи отырыңыз: «Әділдік алаңы» бағдарламасы: жас маманның алғашқы қадамы — жұмысқа орналасу жолдары