Жаңартылған кеңістік жолаушылар үшін тіркеу процесін ыңғайлы әрі жайлы етеді
Алматы халықаралық әуежайы ауқымды жаңғырту бағдарламасы және 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді мастер-жоспар аясындағы Horizon жобасының бірінші кезеңін іске асыру шеңберінде ішкі рейстер терминалын (T1) кезең-кезеңімен жаңғыртуды жалғастыруда, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазіргі кезеңнің негізгі бағыттарының бірі – жолаушыларды тіркеу және ұшып шығу аймақтарын жаңарту. Бүгінде 10 тіркеу орны толық жаңартылды, тағы 13 тіркеу орны жаңғыртылуда. Жаңартылған тіркеу аймағының жалпы ауданы 1 700 м² құрайды.
Жаңа тіркеу аймағы Қазақстанның мәдени болмысынан шабыт алған элементтері бар заманауи сәулеттік стильде орындалған.
Жаңартылған кеңістік жолаушылар үшін тіркеу процесін ыңғайлы әрі жайлы етеді. Ұшу алдындағы рәсімдерді жеделдету үшін жолаушылар мен отырғызу құжаттарын тексеруге арналған 5 автоматтандырылған пункт (TDAS) орнатылды. Жүйе қауіпсіз цифрлық тексеруді қамтамасыз етіп, ұшу алдындағы рәсімдерге кететін уақытты қысқартады және жолаушыларға қызмет көрсету тиімділігін арттырады.
Ұшып шығу аймағы да жаңартылуда. Мұнда 150-ден астам жаңа жолаушылар орындығы орнатылып, заманауи көптілді навигация жүйесі енгізілді және цифрлық ақпараттық таблолар (FIDS) жаңартылды.
Қазіргі уақытта жобада 200-ден астам маман жұмыс істеуде. Жұмыстар жолаушыларға қызмет көрсетуді тоқтатпай жүргізілуде.
Ішкі рейстер терминалын жаңғырту – халықаралық сапа, қауіпсіздік және операциялық тиімділік стандарттарына сәйкес келетін заманауи, технологиялық әрі жайлы әуежай инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған Алматы халықаралық әуежайының ұзақ мерзімді даму стратегиясының бір бөлігі.
Оқи отырыңыз: Алматыда 10 мың көпқабатты тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернетке қосылады