Миғраж түні: Мұсылмандарға намаз қалай парыз болған

Ботагоз Жокенкызы
Almaty.tv
Almaty.tv

Бұл түнде мұсылмандар қосымша құлшылық жасап, намаз оқып, дұға етуге тырысады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ислам тарихындағы ғибратқа толы оқиғалардың бірі – Миғраж түні. ҚМДБ мәліметіне сәйкес, бұл түн 15 қаңтардан 16 қаңтарға қараған түнге сәйкес келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Миғраж деген не?

Миғраж – араб тілінен аударғанда «көтерілу», «жоғарылау» деген мағынаны білдіреді. Бұл оқиға Мекке дәуірінде орын алған.

Ислам деректеріне сүйенсек, Миғраж екі кезеңнен тұрады:

  • Исра – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккедегі Қағбадан Құдыстағы Әл-Ақса мешітіне бір түнде жеткізілуі;
  • Миғраж – Әл-Ақса мешітінен жеті қабат көкке көтеріліп, Ұлы Жаратушының құзырына баруы.

Бұл оқиға Құран Кәрімде «Исра» сүресінің алғашқы аятында баяндалған.

Намаз қалай парыз болды?

Миғраж түні мұсылмандарға алғашында күніне 50 уақыт намаз парыз етіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл бұйрықты қабылдап, қайтар жолда Мұса пайғамбармен (а.с.) жолығады. Ол Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) үмбетінің ауыр міндетті атқара алмайтынын айтып, Алладан жеңілдік сұрауға кеңес береді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше мәрте қайта оралып, Алладан жеңілдік сұрайды. Нәтижесінде намаз бес уақытқа дейін қысқартылды, алайда сауабы елу уақыт намазбен тең болып қалды.

Бұл – Алланың үмбетіне жасаған үлкен рақымы мен мейірімі.

Намаздың ерекшелігі:

Намаз – басқа ғибадаттар сияқты жер бетінде емес, тікелей көкте парыз етілген жалғыз құлшылық. Бұл оның исламдағы орны мен маңызын айқын көрсетеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде «Намаз – діннің тірегі» деп айтылған.

Миғраж түні мұсылмандар үшін нені білдіреді?

  • сабыр мен иманның сынағы,
  • намаздың рухани мәнін ұғындыратын ерекше түн,
  • Аллаға жақындаудың жолын көрсететін ғибратты оқиға.

Бұл түнде мұсылмандар қосымша құлшылық жасап, намаз оқып, дұға етуге тырысады.

Миғраж түні – мұсылман үмбетіне намаз сый болған қасиетті кезең. Бес уақыт намаз – ауыр міндет емес, керісінше Алланың пендесіне берген рухани нығметі. Намаз арқылы адам жүрегі тазарады, жаны тынышталады, иманы күшейеді.

Оқи отырыңыз: Рамазанға 34 күн қалды: Қасиетті айды әлем елдері қалай өткізеді

Новости партнеров