Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығына 70 жыл: отандық ғалымдардың жетістіктері қандай

Ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу мақсатында орталық жанынан «Өнеркәсіптік микробиология» зауыты жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығына 70 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осы уақыт аралығында мекеме ғылыми зерттеулер жүргізіп қана қоймай, отандық медицина мен ауыл шаруашылығына қажетті биологиялық препараттарды өндіріп келеді. Бүгінде ғалымдар әзірлеген өнімдер Қазақстан нарығында сатылып, бұрын шетелден жеткізілгендердің орнын басып отыр. Мұнымен қоса, ғылыми ұйым топырақ пен суды микроорганизмдер арқылы тазарту, өсімдіктерді биологиялық қорғау және пробиотикалық препараттар жасау бағыттарында да зерттеулер жүргізеді.

«Өндірістік микробиология бағыты бойынша 14 препаратты нарыққа шығарып, Қазақстанда саудалап жатырмыз. Бұрын ол препараттың бәрі шетелден келетін. Ғылым деген – зерттеу. Зерттеп, фундаментальды ғылым дейді ғой, ол зерттеліп ғана қоймай, тек кітап пен мақала болып қана жазылмай, оның нәтижесін халық, ел пайдалануы керек. Ғылымның нәтижесі экономикаға пайдасын тиіп, Қазақстанның өркендеуіне көмектесуі тиіс»», – деді Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов.

Ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу мақсатында орталық жанынан «Өнеркәсіптік микробиология» зауыты жұмыс істейді. Заманауи жабдықтармен қамтылған кәсіпорында биологиялық және дәрілік препараттар өндіріледі. Мамандардың сөзінше, зауыт жылына 100–120 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Мұнда өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаңа дәрілік препараттарды әзірлеу жұмыстары да жалғасып жатыр.

«Біздің өндіріс халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес ұйымдастырылған. Өнімдерімізді 2017 жылдан бері шығарып келеміз. Қазір 2 препарат клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Біріншісі – үшінші кезеңде, ал екіншісінің екінші кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта технологияны жетілдіру және өндіріс көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өндірістің өзінде 2 цех жұмыс істейді. Әрқайсысында шамамен 10 адамнан бар. Яғни, тікелей өндіріс процесіне 20-дан астам қызметкер қатысады», – деді «Өнеркәсіптік микробиология» кәсіпорнының технологы Ольга Лах.

Оқи отырыңыз: Алматыда онкологиялық орталығы бар жаңа көпбейінді медициналық кешен салынады