Алматыда онкологиялық орталығы бар жаңа көпбейінді медициналық кешен салынады
Құрылысты 2028 жылы аяқтау жоспарланған
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Шығыс қақпасы» полиорталығында салынатын көпбейінді медициналық кешеннің құрылысына арналған естелік капсула қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа нысанның құрамына онкологиялық орталығы бар аурухана мен емхана кіреді. Ғимараттардың жалпы ауданы 45 мың шаршы метрге жуық болады.
Салтанатты рәсім барысында Дархан Сатыбалды денсаулық сақтау жүйесін дамыту қала үшін басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.
«Қазақстан Президенті Жолдауында өңірлерді дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға ерекше назар аударды. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында біз қала инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртып келеміз. Атап айтқанда, 2030 жылға дейін Алматыда 27 жаңа денсаулық сақтау нысанын салу және қолданыстағы 12 медициналық мекемені жаңғырту жоспарланған. Жаңа медициналық кешен онкологиялық науқастарға көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, диагностика мен емдеудің қолжетімділігін арттырады. 250 орынға арналған көпбейінді ауруханада медициналық қызметтің кең ауқымы көрсетіледі. Сондай-ақ бір ауысымда 350 адамды қабылдайтын консультативтік-диагностикалық орталық алғашқы және мамандандырылған амбулаториялық көмектің қолжетімділігін арттырады. Бұл онкологиялық аурулары бар науқастар үшін де маңызды», – деді Дархан Сатыбалды.
Тәулік бойы жұмыс істейтін 250 орындық стационар мен бір ауысымда 350 адамды қабылдайтын консультативтік-диагностикалық орталықтан бөлек, кешенде 80 орындық күндізгі стационар және 80 орынға арналған химиотерапия бөлімшесі болады.
Ғимаратта сондай-ақ 16 орындық жансақтау және қарқынды терапия бөлімі, ота жасауға арналған жеті зал, оның ішінде ангиографиялық жүйемен жабдықталған гибридті ота залы қарастырылған. Бұдан бөлек, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімі, диагностикалық және зертханалық бөлімшелер орналасады.
Жобаны жүзеге асыру кезінде заманауи медициналық жабдықтарға, цифрландыруға, сондай-ақ науқастар мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтап, емдеудің маңызына тоқталды.
«Әрбір онкологиялық диагноздың артында адам тағдыры, отбасы, сауығып, толыққанды өмір сүруге деген үміт тұр. Сондықтан біз үшін жаңа орталық салу – жай ғана ғимарат тұрғызу емес. Бұл – мыңдаған адамға көмектесіп, ауруды дер кезінде анықтауға және заманауи ем алуға мүмкіндік беру. Біздің басты міндетіміз – әрбір науқастың қажет кезінде сапалы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету», – деді министр.
Салтанатты рәсімге мемлекеттік органдардың, медицина қауымдастығының, жобалау және құрылыс ұйымдарының өкілдері де қатысты.
Құрылыс жұмыстарын 2028 жылы екінші тоқсанда аяқтау жоспарланған.
Оқи отырыңыз: Елімізде медицина қызметкерлерінің жалақысы 40%-ға дейін артады