«Миранда» қағидасын Ата Заңға енгізу - азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа кезеңі

10.04.2026 19:57

«Миранда» қағидасын Ата Заңға енгізу - азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа кезеңі. Сарапшылар осылай дейді. Жаңа Конституциядағы өзгеріске сәйкес, енді құқық қорғау органдары әрбір күдіктіге ұсталған сәттен бастап, оның үнсіз қалу құқығын және өзіне қарсы куәлік бермеу құқығын міндетті түрде түсіндіруге тиіс, 

Негізі үнсіз қалу құқығы бұған дейін де заңда болған. Алайда тәжірибеде бұл талаптың сақталмауы, азаматтарға құқықтарының толық түсіндірілмеуі секілді мәселелер жиі сынға алынған. Енді бұл норма Конституцияда нақты бекітіліп, оның орындалуына қойылатын талап күшейіп отыр.

«Миранда қағидасын Конституциялық деңгейде бекіту  кепілдіктің ең жоғары заңдық күшке ие болуын қамтамасыз етеді және құқық қолдану тәжірибесіндегі әртүрлі түсіндірулерді жояды. Конституциялық норма тікелей әрекет етеді және барлық мемлекеттік органдар үшін міндетті болады. Бұл құқықтарды түсіндіру рәсімін біріздендіріп қана қоймай, оны ұстау мен жауап алу заңдылығының ажырамас бөлігіне айналдырады», -  деді адвокат  Смағұл Файзулла.

Заңгерлердің айтуынша, Миранда қағидасы ең алдымен азаматтарды өз құқықтарын білмеуінен туындайтын мәселелерден қорғайды. Яғни, күдікті адам қысымға ұшырамай, өз еркімен ғана жауап беруге тиіс. Ал құқықтары түсіндірілмеген жағдайда алынған жауаптардың заңдылығы да күмән тудыруы мүмкін.

«Құқықтарды түсіндіру көбінесе формалды сипатта болады: ұсталған адамға заң нормалары тек оқылып беріледі, бірақ олардың мәні толық әрі түсінікті түрде жеткізілмейді. Екіншіден, тәжірибеде тұлғаға қорғау құқығы мен үнсіз қалу құқығы толық түсіндірілмей тұрып-ақ одан түсініктеме алу жағдайлары кездеседі. Сонымен қатар психологиялық қысым көрсету немесе адамды өзіне қарсы айғақ беруге итермелейтін жағдайлар орын алуы мүмкін», -  деді адвокат  Смағұл Файзулла.

Жаңа өзгерістер құқық қорғау органдарына да қосымша жауапкершілік жүктейді. Енді әрбір процессуалдық әрекеттің заң талаптарына сай жүргізілуі қатаң бақылауда болады.

«Түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді бастап кеттік. Айта кететін жайт, егер аталған қағидаға сай келмейтін құқықбұзушылықтар байқалса, ешқандай ескерту немесе профилактикалық іс-әрекеттер жүргізілмейді. Бірден заңға сәйкес шара қолданылады», - деді қалалық прокуратураның ресми өкілі Райымбек Шәріпбаев.

Мамандардың пікірінше, Миранда қағидасының Конституцияда бекітілуі - құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл норма азаматтардың өзін қорғау мүмкіндігін кеңейтіп, тергеу процесінің ашық әрі әділ өтуіне ықпал етуі тиіс.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Атыраулық ғалымдар табиғи апаттың алдын алатын жаңа жоба ойлап тапты