Экс-полицейлер өздеріне тағылған айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр
Өздеріне жала жабылып, қызметінен заңсыз қуылдық деген бұрынғы полиция қызметкерлері әділдік сұрайды. Тәртіп сақшылары зейнеткерге жерін қайтарып беріп, алаяқтықты әшкерелемек болғаны үшін айыпталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Наурызбай ауданындағы мамандандырылған ауданаралық сотта бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты іс жарыссөз сатысында. Осыдан бір жыл бұрын зейнеткердің шағымы негізінде Наурызбай ауданының жедел қызметкерлері күдіктілердің ізіне түсу үшін сатып алушы кейпіне еніп, келіссөз жүргізген. Нәтижесінде үш адам ұсталып, полиция басқармасына жеткізілген көрінеді. Онда алаяқтыққа қатысы бар деп танылған азаматтардан сұрау алынып, мән-жай анықталған. Алайда арада төрт күн өткенде әлгі азаматтардың бірі полицейлер маған күш көрсетті деп арыз жазып, жекеменшік медициналық мекемеден алынған анықтамаларды ұсынған. Енді бұрынғы тәртіп сақшыларына қызметін асыра пайдаланды, қысым көрсетті деген айып тағылып отыр. Ал туыстары істің созбалаңға салынып, тағылған айыптар дәлел таппаған дейді.
«Құқықтары тапталған, олар заң қызметкерлері ғой. Қылмыскер емес, шақырса сотқа келуге болатын еді. Олардың талаптары, заңды құқықтары қысымға ұшырап жатыр. Айыптаушылар бүгін мүлде келмеді. Демек олар заңды менсінбейді» деді айыпталушының туысы Ерлан Медетов.
Бастапқыда жәбірленушілер шағым білдірген соң, 4 күн өтіп 5 қызметкер жұмыстан босатылған екен. Қазір оның екеуіне айып тағылып отыр. Ал жәбірленуші ретінде 4 адам танылып, оның екеуі процесс барысында басқа қылмыстық іс бойынша қамауға алынғаны белгілі болды. Соңғы отырыстарда жәбірленуші тарап қатыспай, олардан сұрау алу мүмкін болмады. Жарыссөзде тараптар дәлелдерді жіпке тізіп, алқабилерге ұсынды.
«Еске салған жөн, қорғаушы тарап айтқандай қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты есепке алу кітабында тіркелмеген еді делінген. Мен бұл деректі айтпағанмын. Бұл іс тіркелді. Қосымша куәгерлер келтіру қажет емес», деді прокурор Арайлым Оралбаева.
«Іс бойынша жасырын куә адам да бар. Ол куә адамды алатын болсақ, ол дәлелсіз қорғауымыздағы адамды айыптап отыр. Көрдім, сөйттім деп. Ал көрдім дегені бейнетаспалардан көре алмадық. Бізде нақты-нақты дәлел бар. Сот барысында айтамыз», деді қорғаушы Сәкен Жүнісбеков.
Экс-полицейлер өздеріне тағылған айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, күдіктілерге қол көтерілмеген, барлығы тек заңды рәсімдер шеңберінде атқарылған. Бұған дәлел ретінде басқарма ғимаратындағы бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар ұсыныпты. Ал жәбірленушілердің бірі оған қол көтерілгенін айтып, қалғандары намысымыз тапталды дегенді алға тартады.
Оқи отырыңыз: «Миранда» қағидасын Ата Заңға енгізу - азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа кезеңі