Жалпы биыл коттедж қалашығының құрылысын толығымен аяқтау тапсырылған
Жетісу облысында талдықорғандық 30 көп балалы отбасы «Береке» коттедж қалашығынан жаңа үйлердің кілтіне ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салсақ, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес өткен жылдан бастап «Береке» коттедж қалашығындағы құрылыс сапасына байланысты өзекті мәселелерді шешу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Ондағы құрылысы аяқталмаған және сапасында кемшіліктері барларын қоса алғанда проблемалық 204 коттедж болған. Ескертулер түзетілгеннен кейін 25 коттедж өткен жылдың соңында кезекте тұрған азаматтарға тапсырылды. Бүгін тағы 30 отбасыға үй кілттері табысталды. Тағы 42-сін бірінші тоқсанның соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 107-сі кезең-кезеңімен енгізіледі. Жалпы биыл коттедж қалашығының құрылысын толығымен аяқтау тапсырылған.
Тұрғын үйге ие болғандардың бірі, 7 баланың анасы Махаббат Түсіпбекова.
"Менің отбасым үшін жаңа жыл жағымды әрі маңызды жаңалықпен басталды. Көптен күткен жеке баспанамызға ие болып жатырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаларыңызға алғысымды білдіремін. Өйткені төл шаңырағыңның болғаны - аса маңызды. Әр үйде, әр отбасында қуаныш пен шаттық көбейе берсін", - деді.
Айта кетейік, жалпы Жетісу облысында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылдануда. Мәселен, өткен жылы өңірде тұрғын үй салу және сатып алу есебінен 2 708 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Облыс орталығына келсек, өткен жылы кезекте тұрғандар қатарынан 1283 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, биыл тағы 1400-ден астам отбасын қамту жоспарлануда.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған