Моңғолия қазақтары тарихына қатысты қос кітаптың тұсаукесері өтті

05.12.2025 16:06

Еңбектер – Моңғолиядағы қазақ қауымының шежіресін тереңірек тануға жол ашып, ұлттық жадыны жаңғыртуға септеседі

Алматыда Моңғолия қазақтары тарихына қатысты тың деректер қамтылған қос кітаптың тұсаукесері өтті. Бірі – «Балауса» баспасынан жарық көріп, 452 бет болып шыққан «Тауданбек және Дәуітбай» еңбегі болса, енді бірі – Қажыбай Соянның «Жаңғырық» атты кітабы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екі туындыда да Моңғолия қазақтарының тарихы, әкелі-балалы қайраткерлер туралы тың деректер ұсынылған. Жиында дәл осы маңызды ақпар талқыланып, қазақ халқы үшін мәні зор мәселелер сөз болды. Зерттеушілердің айтуынша, бұл еңбектер – Моңғолиядағы қазақ қауымының шежіресін тереңірек тануға жол ашып, ұлттық жадыны жаңғыртуға септеседі.

«Бұл кітаптың еліміз үшін берері мол деп ойлаймыз. Алдағы уақытта Тауданбек тек қана қоғам қайраткері емес, ақын болған. Сол кісінің шығармаларын жинақтап жеке кітап шығарса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен бірге ол кісінің баласы Дәуітбай тек Моңғолияның үлкен мемлекет қайраткері емес, күйші де болған. Алдағы уақытта ол кісінің де күйшілік өнерін кеңінен насихаттаса, еліміз үшін пайдалы еңбек болар еді деп ойлаймыз», – деді әдебиеттанушы ғалым Серікқазы Қорабай.

Оқи отырыңыз: Алматыда Qarzhy Saqshysy қаржылық қауіпсіздік жобасы басталды