Балаларға ерте жастан жасанды интеллектті үйрету – болашақ бәсекеге қабілеттіліктің кілті
Республикалық тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы цифрландырудың және жаңа технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы алда әлі де ауқымды жұмыс тұрғанын және босаңсуға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа баса мән беруі керек. Мысалы, білім беру мекемелерін тиісті интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету қажет. Оқытуға арналған цифрлық платформалар мен электронды оқулықтар барлық оқушыға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте оқыту материалдары түгел мұқият сарапталуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқыту – болашақта жастардың бәсекеге қабілетті маман болуына қажетті маңызды дағды. Бұл міндет педагогтерге де тікелей қатысты.
Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласын мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығару үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажеттігін айтты.
Сіздер тұтас елімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту ісінде алдыңғы шептен табылып, біздің қоғамды нағыз прогрессивті әрі дамыған ұлтқа айналдыруға ерен үлес қосасыздар деп сенемін, – деді Президент.
Читайте также: Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты - Тоқаев