Мәжілісте педагогтердің мәртебесін арттыру және білім беру саласын жетілдіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
Мәжілісте педагогтердің мәртебесін арттыру және білім беру саласын жетілдіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Енді оқушы мектептен тыс уақытта қандай да бір кикілжіңге немесе оқыс оқиғаға тап болса, оған тек ата-ана жауапты болады. Ал мұғалімге ешкім жауапкершілік жүктей алмайды.
Төменгі палатада педагогтердің мәртебесін арттыру туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта ұстаздар балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болатыны жазылған. Депутаттар бұл педагогтерді қорғау үшін қолға алынған норма дейді.
«Біз бұл жерге тайға таңба басқандай нақты норманы енгіздік. Енді мұғалімдер еңбек демалысы уақытында, түнде, сенбі, жексенбіде болған жағдайларға жауап бермейді. Оларға бұл уақытта ата-ананың жауапты. Бұл – көптен бері әріптестеріміздің көтереген мәселесі, шешіп отырмыз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Заң аясында мектептерде мобильді телефон қолдануға қатысты жаңа өзгерістер ұсынылды. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазір әр білім ошағы смартфон пайдалануға қатысты ережені өз бетінше белгілейді. Яғни, бірыңғай талап жоқ. Ал бұл жағдай мектептер арасында әртүрлі тәжірибе қалыптастырған. Сондықтан бұл құзыретті Оқу-ағарту министрлігіне беру ұсынылды. Одан бөлек, мәжілісмен «мұғалімдерді түрлі жиындарға апару дұрыс па, бұл туралы заңда жазылған ба» деген сауалға жауап берді. Сөзінше, ұстаздарды сабақ үстінде алып кетіп, мәжбүрлеп шараларға апарғандарға жауапкершілік қарастырылған. Бұл норма қолданыста бар. Сондықтан, мұғалімдер мұндай жағдайға тап болса, министрліктің жанындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне жүгінуі керек екенін айтты.
«Біз әрқашанда айтамыз, ұстаздарымыз да егер олардың шын мәнінде құқығы тапталып жатса, онда заң шығарушы орган оларға нақты мүмкіндік берді. Мәселе осы мүмкіндікті қолдануда. Менің ойымша қазіргі уақытта өте жақсы заңнама бар», – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Арнаулы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданды