Мүгедек бауырын зорлап келген үш ер адам сотталды

08.10.2025 17:54

Бір үйдің үш баласы жәбірленуші тарапқа 5 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді

Түркістан облысында жұрттың жағасын ұстатқан жайтқа нүкте қойылды. Бүгін жылдар бойы мүгедек бауырын зорлап келген үш бірдей ер адамға үкім шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін мүгедек бауырын жылдар бойы қорлап, тағдырын талқан еткен үш жігіт жазаға тартылды. Келестегі сот оларды 9 жылға түрмеге жапты. Сонымен қатар бір үйдің үш баласы жәбірленуші тарапқа 5 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

«Қылмыс бойынша заңмен 9 мен 12 жыл аралығында жауапкершілік қарастырылған. Бұрын сотты болмағандарыңызды және жас ерекшелігін ескере отырып жаза қолданып отыр», – деді судья Қанат Әбубәкір.

Алайда шешіммен сотталғандар келіскен жоқ. Олар тағылған айыпты жоққа шығарып, соңына дейін ақтауға тырысты. Енді кінәлі тарап істі қайта қарау үшін апелляциялық шағым түсірмек.

«Сот тарапынан заңсыз іс-әрекет көп болды. Сот үкімімен толықтай келіспейміз. Апелляциялық шағым жазамыз, сараптаманың бәрі қолымызда бар. Сотқа да ұсынғанбыз, соңына дейін барамыз. Әділдік орнауы керек», – деді сотталушы тараптың адвокаты Гүлжазира Мыңбаева

Сот үкіміне жәбірленуші тарап та наразы. Олардың сөзінше, тағайындалған жаза тым жеңіл. «Ұлымның балалығын ұрлағандарды ешқашан кешірмеймін» деген ана енді апелляциялық шағым беруге бекініп отыр.

«Менің баламды 10 жастан бастап зорлап келген. Бірақ басында көрген куәгерлер соңында сөзден жалтарып отыр. Өйткені «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген заман ғой. Балам үшін мен жанымды беремін», – деді жәбірленушінің анасы.

Айта кету керек, бұл адам шошырлық жағдай наурыз айында әшкере болды. Қорлыққа шыдай алмаған жас жігіт бәрін анасына айтып, көмек сұраған. Осы бір ауыр ақиқаттың ашылуынан кейін тергеу жүргізіліп, үш күдікті қамауға алынған. Десе де, жәбірленушінің айтуынша, оған алты туысы зорлық көрсеткен. Олардың кейбірі кәмелетке толмаған әрі дәлел жеткіліксіз болғандықтан, қылмыстық жауапқа тартылмаған көрінеді.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Жалақы дауы: биыл 43 мыңға жуық жұмыскердің құқығы қорғалды