Мүгедек жігітті туыстары зорлап келген: сот отырысы басталды

15.07.2025 18:06

Жәбірленушілердің айтуынша, сот әділ өтпеген

24 жастағы мүгедек жігітті  туыстары жылдар бойы зорлап келген. Бүгін Түркістан облысында бірер ай бұрын резонанс болған іске байланысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қоғамда үлкен талқы тудырған бұл іс жабық сотта қаралып жатыр. Сондықтан журналистерге сот залына кіруге тыйым салынған. Дегенмен алғашқы отырыстан кейін жәбірленушілер іште болған жағдайды баяндап берді. Айтуларынша, тыңдалым әділетті өтпеген, ал бұл жағдай оларды одан сайын алаңдатып отыр.

«Бірінші сот отырысынан-ақ көңілім толмай отыр. Мен жауапкермін. Екінші топтағы мүгедек. Бірақ мені мүлдем сөйлеткен жоқ. Сөз соңында «баламның қалауымен болған» деді. Қалайтындай, балам қыз бе еді?», – деді жәбірленушінің анасы Айгүл.

Айта кету керек, бұл адам шошырлық жағдай наурызда әшкере болды. Қорлыққа шыдай алмаған жас жігіт бәрін анасына айтып, көмек сұраған. Осы бір ауыр ақиқаттың ашылуынан кейін тергеу жүргізіліп, үш күдікті қамауға алынды.

«Бір азаматты ұрлық пен зорлау, қалған екі азаматты зорлау бабы бойынша күдікті. Ұрлыққа қатысты мойына алғанымен, үшеуі де зорлағанын мойындап тұрған жоқ», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Гүлайхан Тұрсуманова.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, қамауға алынған үш азаматтан бөлек, тағы үш күдікті бостандықта жүр. Себебі жәбір көрген жігіттің сөзінше, өзін 6 туысы зорлаған. Десе де, олар кәмелет жасына толмағаны үшін, әрі дәлел табылмағандықтан жауапкершіліктен тыс қалған.

«Қысым жасады. Бір күні пышақ, бір күні қоқыс тастап кетеді. «Кешірім бермесең, ауылдан кет» деп отыр. Мен кешірімеймін», – деді жәбірленушінің анасы Айгүл.

Күдіктілер тағылған айыппен келіспейтінін ашық айтты. Адвокаттары болса «барлық шындық сараптама нәтижесінде белгілі болады» деп отыр. Алда әлі бірнеше сот процесі бар. Қос тарап та әділдік орнайды деген үмітте.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй сүрілуі мүмкін: СҚО-да саяжай тұрғындары дабыл қағуда