Мүгедектігі барларға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар 10 пайыз өседі

26.12.2025 19:13

1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 750 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адам тұрады

Келесі жылдың басынан бастап мүгедектігі барларға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар 10 пайыз өседі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның мөлшері азаматтың мүгедектік тобына қарай белгіленеді. Биылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 750 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Бұл ел халқының шамамен 3,6 пайызы. Олардың 630 мыңнан астамы ересектер болса, 120 мыңға жуығы мүгедектігі бар балалар. Олардың 540 мыңнан астамы мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алып отыр. Биыл бұл төлемдер 467 миллиард теңге болған.

«Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар – ел азаматтарының конституциялық кепілдіктерінің бірі. Олар еңбек өтіліне және жұмысының болуына қарамастан төленеді. Жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және себебіне байланысты болады. Жыл сайын инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, оларды индекстеу жүргізіледі. Мәселен, келесі жылдың басынан бастап жәрдемақы мөлшері 10 пайыз артады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай.

Оқи отырыңыз: Қазақстан цифрлық даму бойынша жаһандық рейтингте жоғарылады