Мүмкіндігі шектеулі алматылық бойжеткен үй жануарларына арнап қонақүй ашқан

11.02.2026 15:52

Тастанды мысықтардан бөлек, бұл жерге марғауларын уақытша бақылауға қалдырып кететін тұрғындар да бар

Пайдалы кәсіп. Мүмкіндігі шектеулі алматылық бойжеткен үй жануарларына арнап қонақүй ашқан. Панажайда мысық-марғаулардан бөлек, қоян, тотықұстар да тұрақтай алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Бұл жер – бала күнінен үй жануарларын ерекше махаббатқа бөлеп өскен Айман Амантаева үшін ең қауіпсіз әрі жайлы аймақ. Жапонияда білім алған әпкесі Назым Мукайяма сіңлісінің қоғамға етене жақын болғанын қалап, мысықтарға арналған панажай ашуды қолға алған. Көшеде қараусыз қалған қаншама марғауға жылы мекен болған бұл орын былтыр көктемде жұмысын бастаған. 33 жастағы Айман әр жануарды өзі баптауға тырысады, оған қоса, панажай тазалығын да өзі қадағалайды.

«Бұл ерекше балалардың қасиеті өзіне ұнамаған іспен айналыспайды. Қанша жаса десең де жасамайды. Өте ұқыпты, есіктерін сүртеді, суын, тамағын береді, кейде шаңсорғызпен тазалайды. Әйтеуір өзі ұнатқан нәрсенің бәрін істейді. Біз араласпаймыз», – деді Айманның анасы Зейнеп Амантаева.

Жануарлардың денсаулығы мен жайлылығы бірінші орында. Панажай қожайындары оларға қажетті екпенің бірін қалдырмай салдырып отырады. Тастанды мысықтардан бөлек, бұл жерге марғауларын уақытша бақылауға қалдырып кететін тұрғындар да бар. Бұл жер үй жануарларының ғана емес, мүмкіндігі шектеулі балалар мен бос уақытын тиімді өткізгісі келетін оқушылардың да пайдасына жарап тұр.

«Бізде «кототерапия» деген қызмет түрі бар. Тегін. Кішкентай аутизм болған, сосын мектепте буллингке ұшыраған, достары жоқ балаларды алып келеді. Олар мысықтармен ойнайды, кітап оқиды. Қарасақ, пайдасы бар. Сөйлемеген бала сөйлеп кетеді, достасып алады, үйіне мысықты алып кетеді», – деді Айманның әпкесі Назым Мукайяма.

Айта кетейік, панажайдағы жиһаздардың бәрі Жапониядан әкелінген. Бөлмеде ауаны ылғалдандырып тұратын құрылғы да бар. Туыстарының айтуынша, бұл –жай ғана кәсіп емес, Айманның өзін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі үшін керек. Олар алдағы уақытта жерді кеңейтуді жоспарланып отыр.

Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Құқықтық дәріхана: Алматының халықаралық әуежайында түсіндіру акциясы өтіп жатыр