Бүгінде елімізде 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар саны 237 мыңға жеткен. Оның 193 мыңы білім беру ұйымдарында оқып жүрсе, тағы 17 мың бала үй жағдайында білім алуда. Соған қарамастан, инклюзивті білім беру саласында шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың сөзінше, қазір ең өзекті түйткілдердің бірі - балаларға ерте қолдау көрсету жүйесінің толық қалыптаспауы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл бағытта арнайы заң жобасы қарастырылып жатыр. Алайда ерекше балалардың ата-аналары ұсынылған заң жобасы қазіргі күйінде жүйелі мәселелерді шешпейді деп алаңдап отыр. Сондықтан комитет отырысында өзекті пікірлерін ортаға салып, өз ұсыныстарын білдірді.
«Бірінші психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация туралы. Қазір оны жаңа құрылымдармен ауыстыру ұсынылып отыр. Бірақ мазмұны өзгермесе, атауын өзгерту тиімсіз деп санаймыз. «Кешенді қолдау» мәселесі. Заң жобасында бар, бірақ іс жүзінде ол нақты механизмдермен бекітілмеген. Балаға арналған бірыңғай маршрут жоқ, нақты алгоритм жоқ, жауапты адам анықталмаған, ортақ цифрлық база да қарастырылмаған. Төртіншіден, лицензиялау. Біз бақылауды күшейтуді қолдаймыз, бірақ лицензия жазалау құралы болмауы тиіс», - деді ерекше балалардың ата-аналары одағының төрағасы Рауан Сағадиева.
Сондай-ақ ата-аналар қауымы «мүмкіндігі шектеулі балалар» деген тіркесті қолдамайтындарын айтады. Сөздерінше, еліміздегі бірқатар заңнамалардың өзінде терминологиялық қайшылықтар бар. Бір құжатта «мүмкіндігі шектеулі» деп көрсетілсе, енді бірінде «ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар» деген ұғым қолданылады. Бұл өз кезегінде жүйелі түсінбеушілікке әкелуі мүмкін. Ал Мәжіліс депутаттары ұсынылып отырған заң жобасының мазмұнына тоқталып, оның нақты қандай мәселелерді шешуге бағытталғанын түсіндірді.
«Әрбір ерекше баланың жеке қолдау жоспарын бекіту мәселесі қарастырылды. Әр балаға жеке-жеке кабинет болады. Осы мәселені шешу керек бұл заң жобасы. Одан кейін ол балаларға қаншалықты кешенді қолдау шаралары жүргізіліп жатқанын қадағалап отыратын біріңғай тізім қалыптастыру керек болды. Бұл - заңның идеологиясы. Үшіншіден, егерде балаларға сол орталықтардан дұрыс қызмет көрсетілмесе психо-педагогикалық қызмет көрсетілмесе оларға тиісті шара, жаза қолдану тетігі заң жобасында көрсетіледі», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев
Оқи отырыңыз: Алматыда былтыр 17 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды