Елімізде 743 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтың тең жартысы еңбекке қабілетті жаста
Елімізде 743 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтың тең жартысы еңбекке қабілетті жаста. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін екі қолға бір күрек табу – күрделі түйіннің бірі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі болса да, еңбек етіп, қоғамға үлес қосуға қабілетті 380 мыңға жуық азамат бар. Жыл басынан бері жұмыспен қамту іс-шараларының арқасында 25 мыңнан астам жан екі қолға бір күрек тауыпты. Жалпы елде ерекше қажеттілігі бар 111 мың адам еңбек етеді. Бұл – жұмысқа қабілетті топтың үштен бірі ғана. Қоғамға бейімделіп, үлесін қосу үшін бұл азаматтарға түрлі сынақтан өтіп, мүмкіндіктерін дәлелдеу керек.
Даун синдромы бар Жансая Имантай бір жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Даяшы болып, кофе дайындауға әуестенген бойжеткен инклюзивті дәмханада жұмыс істеуді армандағанын айтты.
«Мен колледжге түспей қалдым, ештеңе етпейді деп қойдық. Латте, капучино, американо дайындай аламын. Осы жұмысқа орналасуды армандап келдім. Бәрін түсінем, бәрін істей аламын. Адамдар көп келеді», – деді даяшы Жансая Имантай.
Елімізде дәл осындай 3 инклюзивті кофехана бар. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар ғана еңбекке тартылады. Жұмыс кестесі әркімнің диагнозына сай әртүрлі. Қазір әсіресе психикалық және ойлау қабілетінде кінәраты бар азаматтарға еңбек орнын табу қиын. Өйткені нарықта инклюзивті жұмыс түрлері көбіне қағаз толтыру сынды физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген.
«Әр жұмыскермен тілдесудің түрлі жолын табу керек. Біреуі тым белсенді, көп қимылдап, тоқтамай сөйлесе, енді бірі тым сыпайы, үндемей ғана отырады. Бірақ бәрі өте мейірімді, жұмыс істеп жүргендеріне қуанышты. Қонақтардың кейбірі инклюзивті кафемізді түсінбейді. Даяшылардың әрекеттеріне біртүрлі қарап, кейде сынап кетеді. Керісінше, арнайы осы жерден кофе ішуге келетін жандар да бар», – деді кофехана меңгерушісі Милания Шленчак.
Қоғамға бейімделу әсіресе мүгедектігі бар, оқуды жаңа бітірген жастар үшін қиынға соғады. Көпшілігі 9-сыныптан кейін қайда барарын білмей, диплом алғанымен, жұмыс таппай, тығырыққа тіреледі.
Алматыдағы GOROZHANYM қоғамдық қоры жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, қалада 59 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның 38 мыңы – еңбекке қабілетті. Бірақ ресми порталдарда оларға арналған небәрі 200 -ден аса бос жұмыс орны ғана бар.
«Бұл топтағы азаматтар жай ғана зейнетақы алып отыра бергенді қаламады. Біз жүргізген сауалнамада мүгедектігі бар жандар қоғамның бүтін бір бөлігі болғысы келеді. Оларға ешкім «қандай жұмысқа тұрғың келеді? мақсатың не?» деп сұрамайды. Тек аянышпен қарайды. Бұл дұрыс емес. Біздің мақсат – ерекше қажеттілігі бар адамдармен қатар еңбек етіп, оқу оқып, өмір сүруге үйрену. Бұл санатта қазір арбаға таңылған, физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға көп жұмыс орны ұсынылады. Ал менталды ауытқуы бар, аутизм, даун синдромы барларға бұл жағынан қиынырақ», – деді GOROZHANYM қоғамдық қорының меңгерушісі Надежда Червякова.
Бүгінде ел бойынша 743,9 мың мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүреді, соның 375 мыңнан астамы еңбекке жарамды. Әлеуметтік кодекс талабы бойынша, 50 адамнан көп жұмысшысы бар әрбір мекеме штаттың 2–4 пайызын ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған жұмыс орындарына бөлуі тиіс. Биыл жылдың үшінші тоқсанында осы квота аясында 7,1 мың адам жұмысқа орналасқан. Ал өз кәсібін дөңгелеткісі келетін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға өз 400 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік грант беріледі. Бұл мүмкіндік бәріне бірдей беріле ме екен? Оны біз анықтадық.
«Биыл мансап орталығына 1300-ден аса мүгедектігі бар жан жүгінді оның ішінде 800 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты тұрақты жұмыстар, қоғамдық жұмыс, жастар тәжрибесі сынды 800 жуық адам жұмысқа кіргізіліді. Қайтарымсыз гранттар бар, олардың саны 400 АЕК құрайды. Егер расымен мүмкіндігі шектеулі азамат өз кәсібін ашуға ниеттенген болса, егер Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз мәртебесі болса, жобаға қатыса алады», – деді Еңбек мобилділігі орталығының бөлім басшысы Сейілхан Әбікен.
Елде жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін түрлі бағдарламалар да іске асуда. Мәселен 538 адам жастар практикасына жіберілген, тағы 5 мың 700 азамат қоғамдық жұмысқа тартылыпты. Сондай-ақ «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша мыңдаған азамат еңбекке араласа бастапты. Инклюзия бойынша сарапшылар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартуды «қайырымдылық» емес, қоғамға пайдалы азаматтар санын арттыру деп қарастыру маңызды мәселе екенін тағы бір мәрте еске салады.
Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Елімізде дәрігерлердің жұмыс кестесі өзгерді