Мүмкіндік шектелмейді: «Парасат» орталығында 300-ден аса жанға көмек көрсетілуде

«Парасат» - ерекше күтімді қажет ететін балалар мен ересектерге арналған әлеуметтік орталық

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мүмкіндік шектелмейді». Осы ұстанымды ту етіп, Алматыда ерекше күтімді қажет ететін балалар мен ересектерге арналған бірнеше әлеуметтік қызмет орталығы жұмыс істейді. Солардың бірі - «Парасат» орталығы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтөбе облысының тумасы Бәтес Әбжәлелқызы – мүмкіндігі шектеулі балалардың жүрегіне жол тапқан жан. Ол 13 жылдан бері «Парасат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Күн сайын шамамен 30 балаға музыка арқылы ем жүргізетін маман “баланың көңіл күйі – жан дүниесінің айнасы» дейді.

«Сағат 9:00-де келеміз. Бөлменің терезесін ашып, баланы қабылдауға жағдай жасап, балаларды қабылдай бастаймыз. Музыка – адам жанын емдейтін дүние. Сондықтан музыкаға келген кезде балалар өте белсенді болады. Ал кей жағдайда ерте тұрғысы келмейді, соның барлығын әуенмен емдейміз. Музыканың көмегі өте зор», – деді «Парасат» әлеуметтік қызмет орталығының мәдени ұйымдастырушысы Бәтес Досқалиева.

«Парасат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында музыкалық терапиямен қатар, бірқатар арнайы қызмет түрі ұсынылады.

Атап айтқанда, дене шынықтыру жаттығулары, компьютерлік сыныптар, дефектологпен сабақ және массаж қызметі бар. Бұл қолдаулар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл және жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға, сондай-ақ ересектерге де қолжетімді. Ал еңбек терапиясы бөлмесінде 1,5 жастан асқан 20-25 бала өзінің қол моторикасын дамыта алады. Бұл мидың да жылдам жұмыс істеуіне септігін тигізеді.

«Мақсатымыз – әр баланың жеке қажеттілігін ескере отырып, даму деңгейіне қарай олардың денсаулығын оңалту, қоғамға бейімдеу. Орталықта мұғалім дефектолог, логопед, психолог, тәрбиешілер, еңбек терапиясы жөніндегі инструкторлар бар. Кешенді көрсетілген қызметің нәтижесінде балалардың дамуында динамика байқалуда», – деді «Парасат» әлеуметтік қызмет орталығының директоры Нұрғайым Дүйсенбаева.

Айта кетейік, қазіргі таңда әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 317 мүгедектігі бар жанға тұрақты түрде көмек көрсетіп отыр. Оның ішінде 110 адамның тірек-қимыл аппараты бұзылса, 207-сі – психоневрологиялық патологиясы бар қызмет алушылар. Орталық мамандарының сөзінше, әрбір қызмет алушының жағдайы мен қажеттілігі жеке зерделеніп, соған сәйкес әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылады. Бұл тәсіл олардың қоғамға бейімделуіне, өз-өзіне деген сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы

Оқи отырыңыз: Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Новости партнеров