Мұнай-газ химиясы: Қазақстанда қандай ірі жобалар іске асып жатыр

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ол жобалар аясында шамамен 3,5 мың тұрақты және 16 мың уақытша жұмыс орны ашылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мұнай-газ химиясы саласында жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын бірқатар ірі жоба іске асырылып жатқаны туралы мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жобалар еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына серпін беріп, жаңа өндірістерді жолға қоюға, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған жобалардың бірі – 2022 жылы пайдалануға берілген жылдық қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт (ЖШС «KPI»). 2024 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын шамамен 250 мың тонна өнім өндірді. Бұл жоба еліміздің импортқа тәуелділігін азайтып, экспорттық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам саналады.

«Қазіргі уақытта стратегиялық маңызы жоғары тағы бір жоба – жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт – іске асырудың белсенді кезеңінде. Жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бастапқы құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар бутадиен, карбамид, полиэтилентерефталат және алкилат өндіруге арналған өзге де жобалар дайындықтың әртүрлі сатысында пысықталуда.

Энергетика министрлігінің бағалауынша, көрсетілген жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 3,5 мың тұрақты және 16 мың уақытша жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде өңірлік экономиканың дамуына және халықты жұмыспен қамту деңгейінің артуына елеулі үлес қосады.

Оқи отырыңыз: Қайырымдылық жарысы: Алматыда жексенбі күні қай көшелер жабылады

Новости партнеров