Ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты
Алматыда қазақ гобелен өнерінің көрнекті өкілі Бәтима Зәуірбекованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Мұра жіптері» атты жеке көрме ашылды. Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің үш залын қамтыған экспозицияға суретшінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолынан сыр шертетін 80-нен астам туынды қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көрменің ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, экспозицияны аралап, мерейтой иесін құттықтады.
– Бәтима Есмұратқызы – ұлттық гобелен өнерінің қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан дарынды суретші. Оның шығармашылығында қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, ұлттық дәстүр, туған жер табиғаты, отбасы құндылығы мен ұрпақ сабақтастығы терең көрініс тапқан. Ұлттық өнерге сіңірген көпжылдық еңбегіңіз бен қазақ мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесіңіз үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Көпшілік назарына гобелен, кескіндеме және графикалық жұмыстармен қатар, туындылардың алғашқы эскиздері де ұсынылды. Олардың арасында әр жылдары дүниеге келген белгілі шығармалар мен музей қорында сақталған еңбектер бар.
Суретші Бәтима Зәуірбекова көрмеде ұзақ жылдар бойы көрмеген туындыларымен қайта қауышқанын айтты.
– Көптен күткен күнім бүгін. Бұл мен үшін үлкен мереке. Көптен бері көрмеген еңбектерімді бүгін қайта көріп отырмын. Әр туындым өз балам сияқты. Кейбірін көрмегелі 40-50 жылдай болды. Солармен қайта қауышып, ерекше сезімде тұрмын, – деді суретші Бәтима Зәуірбекова.