Мұз айдынындағы құтқарушылар: Алматыда ТЖМ кубогына сегіз команда қатысып жатыр

25.05.2026 21:10

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – тек спорттық сайыс емес, құтқарушылар арасындағы бірлік пен командалық рухты нығайтатын маңызды алаң

Almaty.tv

Алматыда ҚР Төтенше жағдайлар министрінің шайбалы хоккейден кубогы басталды. Halyk Arena мұз айдынында өтіп жатқан турнирге елдің әр өңірінен келген құтқарушы-хоккейшілер қатысып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жарысқа Алматы, Астана қалалары мен Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарының командалары шықты. Салтанатты ашылу рәсімі фигуристердің арнайы шоуымен басталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – тек спорттық сайыс емес, құтқарушылар арасындағы бірлік пен командалық рухты нығайтатын маңызды алаң. Себебі хоккейдегі жылдам шешім, тәртіп пен өзара қолдау төтенше жағдайлар қызметінің күнделікті жұмысымен тығыз үндеседі.

Екі күнге созылатын бәсекеде командалар министр кубогы үшін өзара мықтыны анықтайды.

«Хоккей – күшті, төзімділікті және нағыз командалық рухты талап ететін спорт. Мұз айдынында жеңіске жету үшін қандай мінез керек болса, төтенше жағдай кезінде де құтқарушыларға дәл сондай қасиеттер қажет. Бұл – жігер, батылдық, өзара сенім және соңына дейін күресе білу. Себебі табиғи апаттар мен түрлі сын-қатерге қарсы тұру үшін бір адамның ғана емес, тұтас команданың үйлесімді әрекеті маңызды», – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов.

Турнир алдында командалар арасында жеребе тарту рәсімі ерекше форматта ұйымдастырылды. Бұл жолы қатысушылардың ойын тәртібі нөмірлер жазылған шарлар арқылы анықталды. Ал шарлар өрт сөндіру қызметінде қолданылатын көбік генераторы үлгісінде берілді. Жеребе қорытындысы бойынша сегіз команда «А» және «Б» топтарына бөлінді. Салтанатты рәсімге Алматы гарнизонының бойтұмары – «Әлем» есімді қар барысы да қатысып, турнирдің бірлік, жігер және жеңіске ұмтылу идеясын айшықтай түсті.

Оқи отырыңыз: Футболдан Қазақстан құрамасы алдағы матчтарға қатысатын құрамды жариялады