Футболдан Қазақстан құрамасы алдағы матчтарға қатысатын құрамды жариялады

Depositphotos
Depositphotos

Тізімге 25 ойыншы енді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов маусым айында өтетін халықаралық жолдастық кездесулерге қатысатын ойыншылардың нақты тізімін бекітті. Бас бапкердің таңдауы 25 футболшыға түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ойыншылар тізімін жасақтау кезінде бапкерлер қосыны тәжірибе мен жастық жалынның теңгеріміне басымдық берген. Мәселен, құрамаға «Қайраттың» жас жұлдыздары Дастан Сәтпаев пен қақпашы Темірлан Анарбеков шақырту алса, олармен бірге ел намысын «Ордабасының» ардагер қорғаушысы Сергей Малый мен «Жетісу» жартылай қорғаушысы Серікжан Мужиков қорғайды. Сондай-ақ, легионерлерден Нұралы Әліп («Зенит»), Ғалымжан Кенжебек пен Максим Самородов (екеуі де – «Ахмат») және шотландиялық «Хартс» сапындағы Ислам Чесноков тізімде бар.

Десе де, бұл жолғы құрам жанкүйерлер үшін күтпеген жаңалықтарға толы болды. Құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген Бахтиёр Зайнутдинов пен еліміздің ең танымал футболшыларының бірі Шерхан Қалмырза бұл жолғы жиыннан тыс қалды.

Ұлттық құраманың толық құрамы төмендегідей:

  • Қақпашылар: Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Александр Заруцкий («Ақтөбе»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»).
  • Қорғаушылар: Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Александр Мрынский, Еркін Тапалов (екеуі де – «Қайрат»), Ян Вороговский, Әлібек Қасым (екеуі де – «Астана»), Сергей Малый («Ордабасы»), Арсен Әшірбек («Елімай»), Санжар Сатанов («Атырау»), Сағи Совет («Қайсар»).
  • Жартылай қорғаушылар: Рамазан Оразов («Елімай»), Жасұлан Әмір («Ордабасы»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Дінмұхаммед Қараман («Астана»), Серікжан Мужиков («Жетысу»), Әбинұр Нұрымбет («Оқжетпес»).
  • Шабуылшылар: Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов (екеуі де – «Ахмат», Ресей), Ислам Чесноков («Хартс», Шотландия), Роман Мұртазаев («Елімай»), Мағжан Тоқтыбай («Ордабасы»), Мақсат Әбіраев («Астана»).

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы маусым айында Еуропада қатарынан екі қонақтағы кездесу өткізеді. Алдымен 6 маусымда Ереван қаласында Армения құрамасымен жолықса, 9 маусымда Дебреценде Венгрия ұлттық командасына қарсы жасыл алаңға шығады.

Оқи отырыңыз: Көркем гимнастикадан Азия чемпионаты: Қазақстан күміс жүлде иеленді

Новости партнеров