Жазғы демалыс қарсаңында ҚР Ішкі істер министрлігі мектеп оқушылары мен студенттерге қауіпсіздік ережелерін еске салып, арнайы үндеу жариялады. Ведомство мамандары демалыс кезінде әлеуметтік желілерде жиілеп кететін «тез әрі оңай табыс» туралы ұсыныстардың артында үлкен қылмыс тұрғанын ескертеді, — деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әңгіме — есірткі курьерлері, «закладчиктер» (есірткі жасырушылар) және есірткіні жарнамалаушылар туралы болып отыр. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов бұл әрекеттердің соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті:
«Есірткі қылмысы үшін жауапкершілік 16 жастан басталатынын есте сақтау маңызды. Заң бойынша ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бір реттік "оңай жұмыс" бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін. Күмәнді ұсыныстардан бас тартыңыз. Жылдам пайда табу иллюзиясы үшін бостандығыңыз бен болашағыңызды қатерге тікпеңіз», — деді Қуандық Әлжанов.
Министрлік өкілі жастарды ақшадан гөрі бостандықты, ал наживадан (пайда табу) гөрі болашақты жоғары қоюға шақырды.
«Дұрыс таңдауды бір жазға емес, бүкіл өміріңіз үшін жасаңыз», — деп түйіндеді ол.
Оқи отырыңыз: Терроризмге күдікті Қазақстан азаматтары ҰҚК арнайы жасағының күзетімен елге оралды