Threads-тегі танысу хабарландырулары: интернет-алаяқтар қалай алдайды

26.01.2026 09:30

Қылмыскерлер қандай схемаларды қолданады және алаяқтардың құрбаны болмау үшін не істеу керек

Depositphotos

Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында «әйел іздеймін», «күйеу іздеймін», «байыпты қарым-қатынас іздеймін» деген мазмұндағы танысуға шақыратын жарияланымдар жиілеп кетті. Мұндай жазбалардың артында нақты адамдармен қатар интернет-алаяқтар да жасырынуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қаскөйлер жиі жалған аккаунттар жасап, өздерін тартымды қыздар немесе жігіттер ретінде таныстырады. Олар белсенді түрде хат алмасып, ерекше көңіл бөліп, қысқа уақыт ішінде сенімге кіріп, кей жағдайда эмоциялық жақын қарым-қатынас орнатады.

Уақыт өте келе әңгіме қаржылық көмекті сұрауға ұласады. Әдетте алаяқтық схема кезең-кезеңімен жүзеге асады: алдымен белсенді қарым-қатынас орнатылып, эмоциялық байланыс қалыптастырылады, кейін ауыр өмірлік жағдай, ауру, шұғыл шығындар, құжат мәселелері немесе «тиімді инвестиция» туралы ойдан шығарылған әңгімелер айтылады. Одан кейін банк картасына, шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғалар арқылы ақша аударуды сұрайды. Қаражатты алған соң байланыс үзіледі — аккаунт бұғатталады немесе жойылады.

Құқық қорғау органдары интернеттегі танысыңыз келесі әрекеттерді жасаса, сақ болуға шақырады:

  • ақша аударуды немесе қаржылай көмек көрсетуді сұраса;
  • бейнеқоңыраулардан және жеке кездесулерден жалтарса;
  • басқа адамдарға тиесілі болуы мүмкін фотосуреттерді пайдаланса;
  • асықтырып, эмоцияға қысым жасаса.

Өзіңізді қорғау үшін мамандар мыналарды ұсынады:

  • интернет арқылы танысқан адамдарға ақша аудармау және жеке деректерді бермеу;
  • жеке фотосуреттер мен құжаттарды жолдамау;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • сұхбаттасушының профилін және ол туралы ақпаратты тексеру;
  • күмән туындаған жағдайда қарым-қатынасты дереу тоқтату.

МВД-ның Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн-таныстық кезінде қырағы болуға және заңсыз әрекеттер фактілері бойынша құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.

Оқи отырыңыз:  Шымкенттегі төбелес: полиция тағы үш күдіктіні қолға түсірді