Мерейтой кеші аясында «Манарбек мұрасы» атты көрме де ұйымдастырылды
Қазақ дәстүрлі ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Манарбек Ержановтың 125 жылдығына орай Алматыда мерейтойлық концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, әнші, композитор әрі актердің мұрасы ел жадында сақталып, кеңінен дәріптелуде. «Манарбек Ержанов – ұлттық өнер аңызы» атты еске алу кешінде белгілі тұлғалар бас қосып, оның репертуарындағы шығармаларды орындады. Сонымен қатар көрерменге қазақ ән өнерінің жауһарлары ұсынылды.
«Манарбек атамыздың Арқа ән мектебінде салған өзіндік өрнегі зор. Ол кісінің домбыра сүйемелінде, табиғи дауысымен ерекше – кешегі Шашубайдың, Әмренің шәкірті. Сол кісілердің ізімен ән салды. Тек салып қана қойған жоқ, өзінің нақышы мен мәнерін келер ұрпаққа көрсетіп кетті», – деді Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің әншісі Дәуренбек Әркен.
Манарбек Ержанов – дәстүрлі әнді сахна өнерімен сабақтастырып, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосқан өнерпаз. Ол қазақтың орындаушылық өнерін жаңа биікке көтерген тұлға. Мерейтой кеші аясында «Манарбек мұрасы» атты көрме де ұйымдастырылды. Экспозицияда өнерпаздың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректер мен материалдар көпшілік назарына ұсынылды.
«Осындай іс-шараға шақырту алып, төбеміз көкке жетті. Әкеміздің 120 жылдығында атап өтейік десек, ол кезде реті келмеді. Кейін әкімдіктен хабарласып, ауқымды кеш болатынын білгенде қатты қуандым. Баршаңызға мың алғыс!», – деді М. Ержановтың қызы Гауһар Ержанова.
Оқи отырыңыз: Алматы педагогтері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды