Үлкен Алматы көлінде электросамокаттар мен жеке көліктердің қозғалысына шектеу қойылды

фото Victor Glutsenko
фото Victor Glutsenko

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында бүгінде 46 туристік маршрут қарастырылған, оның 38-і жұмыс істеп тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жазғы маусымда танымал таулы бағыттарда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр, соның ішінде Үлкен Алматы көліне (ҮАК) баратын көлік қозғалысына қатаң шектеулер енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Медеу филиалының Үлкен Алматы орманшылығының орманшысы Рысқұл Мұрат мәлімдеді, — деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлттық парк аумағындағы 46 маршрут төрт филиалға (Ақсай, Медеу, Түрген және Талғар) бөлінген және олар жаяу, автомобильдік, атты және велосипед бағыттарын қамтиды. Спикердің айтуынша, жазда тауға келушілер ағыны күрт артады, бұл ерекше бақылауды талап етеді.

«Біз жыл сайын келушілер саны көбейетін жазғы кезеңде туристік маршруттарға бақылауды күшейтеміз. Барлық жұмыс істеп тұрған бағыттар паспортталған және мемлекеттік инспекторлардың қадағалауында. Негізгі міндет — туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету», — деді Мұрат Рысқұл.

Ең көп қолданылатын — Медеу филиалының маршруттары, онда 19 бағыттың барлығы жұмыс істеп тұр. Ал ең көп баратын нысандардың бірі — Үлкен Алматы көліне бағытталған жолға ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда жеке автокөліктермен, мототехникамен, сондай-ақ электросамокаттармен, электровелосипедтермен және басқа да ұқсас құралдармен жүруге тыйым салынған.

«Көлге баратын жол күрделі таулы рельефтен өтеді: тік еңістер, көріну деңгейінің шектелуі, тас құлау қаупі бар учаскелер бар. Көліктің әр түрі араласқан кезде апат қаупі күрт артады. Біз жол-көлік оқиғалары мен жарақат алу жағдайларын, соның ішінде жалдамалы электр көлігін мінген туристердің қатысуымен болған жайттарды тіркеп жатырмыз», — деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, тексеру барысында заң бұзушылықтар да анықталуда: туристер электробайктармен нұсқаушысыз жүреді, жол жиегіне шығып, табиғи жабындыға зақым келтіреді.

«Мұндай жағдайлар адамдардың өзіне қауіпті болып қана қоймай, экожүйеге де зиян тигізеді. Сондықтан уәкілетті органдармен бірлесе отырып, бақылауды күшейтіп, рейдтік шаралар мен кезекшіліктер енгіздік. Бұл — тек қауіпсіздікке бағытталған мәжбүрлі шара», — деп атап өтті Мұрат Рысқұл.

Жалпы, ұлттық паркте кешенді жұмыстар жүргізілуде: инспекторлар патрульдеу жасап, туристерге түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, нұсқаулықтар орнатылып, шұғыл қызметтермен байланыс орнатылған. Мұның бәрі демалысты шектеу емес, оны қауіпсіз ету үшін жасалып жатқан қадамдар.

Оқи отырыңыз: 4 мамыр — Халықаралық өрт сөндірушілер күні

Новости партнеров