Бұл мамандық иелерін кәсібилік, батылдық, табандылық пен жанқиярлық сияқты қасиеттер біріктіреді
4 мамырда халықаралық деңгейде адам өмірін, жан-жануарларды, мүлікті және экожүйе нысандарын тілсіз жаудан қорғайтын әрі құтқаратын батыл мамандық иелері өздерінің кәсіби мерекесі — Өрт сөндірушілер күнін атап өтеді. Өртпен арпалыс кезінде осы қаһарман мамандардың өздері де жиі қаза тауып жатады, — деп хабарлайды Almaty.tv Сalend.ru сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық өрт сөндірушілер күні (ағылш. International Firefighters' Day, IFFD) 1998 жылы желтоқсанда Австралияда орын алған орман өртін сөндіру кезіндегі қайғылы оқиғадан кейін пайда болды. Ол кезде қызметтік борышын өтеу кезінде бес өрт сөндіруші қаза тапқан еді. Бұл оқиға отпен күресушілердің алғашқы қазасы емес еді, бірақ дәл осы жағдай бей-жай қарамайтын жандарды Халықаралық күн белгілеуге итермеледі. Бұл күн — қаһарман өрт сөндірушілерге құрмет көрсетуге, сондай-ақ борышын атқару кезінде қаза тапқандарды еске алуға арналған.
Алғаш рет 1999 жылы көтерілген бұл бастама Интернет арқылы тарап, әлемнің көптеген елінде қолдау тапты және бүгінде халықаралық мойындауға ие болды. Мереке күні ретінде өрт сөндірушілердің желеп-жебеушісі саналатын Әулие Флорианды еске алу күні таңдалды, өйткені көптеген елдерде өрт сөндірушілер өз мерекелерін дәл 4 мамырда атап өтеді.
Бұл мамандық иелерін кәсіби шеберлік, ерлік, шешімділік пен жанкештілік қасиеттері біріктіреді.
Дәстүр бойынша 4 мамырда әлемнің көптеген елдерінде өрт сөндірушілер өзгелердің өмірі үшін өз өмірін қиған әріптестерін еске алады. Ескерткіштер мен мемориалдарға гүл шоқтары қойылып, бөлімшелерде салтанатты іс-шаралармен қатар еске алу жиындары өткізіледі. Сондай-ақ, бұл күні өрттің алдын алуға және сөндіруге көмектесетін ерікті өрт сөндіру жасақтарының мүшелері мен волонтерлерге де құрмет көрсетіледі.
Сонымен қатар, бұл күн — адамдарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын, ал балаларға оттың ойыншық емес екенін еске салудың тағы бір себебі. Сондықтан өрт сөндіру қызметтері мен волонтерлердің күшімен түрлі танымдық-ақпараттық іс-шаралар, экскурсиялар және өрт сөндіру бөлімдерінде ашық есік күндері ұйымдастырылады. Онда отпен және электр құрылғыларымен жұмыс істеу ережелері, өрт кезіндегі іс-қимылдар мен тілсіз жаудың алдын алу жолдары туралы айтылады.
Көптеген елдерде 4 мамыр — өрт сөндірушілер сияқты тәулік бойы кезекшілікте тұратын және жиі олармен иық тіресе жұмыс істейтін барлық жедел жәрдем қызметі қызметкерлерінің де кәсіби мерекесі болып саналады.