Қостанай облысында жұмысшылар бір жыл бойы жалақы алмаған

08.11.2024 20:54

Мекеменің қызметкерлеріне 230 миллион теңгеге жуық берешегі бар

Қостанай облысында 200-ге жуық жұмысшы жалақысын ала алмай отыр. Оған "Заречное" ауылшаруашылық тәжірибе стансасының қарызға батуы себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір жылдан бері жалақысыз жұмыс істеп келе жатқан Заречное ауылшаруашылық тәжірибе стансасы қызметкерлерінің темірдей төзімділігіне таңдана қарауға болады. Себебі жыл басынан бері халықты тек уәдемен тойдырып келе жатқан кәсіпорын басшылығы айлық бермек түгілі, мұндағы мал басын әрең асырап отырған көрінеді. Қызметкерлер егін шыққан соң жалақымызды аламыз деп күткен, бірақ оның өзі қар астында қалып, жағдай ушыға түскен.

"Қарызы көп. Солар алып кетіп жатыр. Он бір ай бойы тегін жұмыс істеп жүрміз. Жастар шыдамайды кетіп қалады. Зейнет жасына келіп қалған соң, қайда барамыз, істеп отырмыз", – деді "Заречное" ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының аға ғылыми қызметкері Зинагүл Ағыбаева.

Кезінде елге аты шыққан шаруашылықта ғылыми жұмыстар жүргізіліп, тұқым өндіріп сату, мал өсіру, егін егу қолға алынған. Бірақ жұмысшыларға қолайлы жағдай болмағандықтан, шыдамай кетіп қалғандар сот арқылы ақшасын өндіріп алмақшы. Дегенмен басқа барар жері жоқ азаматтар басшылықтың сөзіне сеніп, күтуге мәжбүр.

"Үш жылдан бері компания тәуекелдің жоғары деңгейінде жұмыс істеп келеді және айлық беру бойынша берешегі бар. Кәсіпорынға жыл сайын бақылау жүргіземіз. Биыл 4 рет 3 жоспардан тыс және 1 кәсіби бақылау нәтижесінде басшылық жауапкершілікке тартылды", – деді Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ерлан Темірханұлы.

Инспекция стансаға айыппұл салса, бұл кәсіпорынды одан әрі қарызға батырады. Мекеменің қызметкерлеріне 230 миллион теңгеге жуық берешегі бар. Ал әкімдік мұны жүйелі жұмыстың жоқтығымен байланыстырып отыр.

"Жылдар бойы астық сату уақытылы орындалмаған әрі кәсіпорын жұмысын оңтайландырмаған. Осылайша қарыз жиналып қалған. Станса шағын болғанымен, ұжым өте үлкен. Мұнда 200 адам жұмыс істейді", – деді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әбішев.

Жергілікті әкімдік ай соңына дейін халыққа ақша төленуін қадағалаймыз деп уәде берді. Әділеттілік іздеп, қайда барарын білмей дал болған қызметкерлердің құрғақ сөзге сенуден басқа амалы жоқ.

Жансая Олжабек, Елисея Томашевская, Қостанай облысы

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: республикалық барлық жол көлік қозғалысы ашылды