Нан екі сағатта піспейді: маңғыстаулықтар электр қуатының әлсіздігіне шағым айтты

Электр жүйесінің тұйықталуынан үй өртенген жағдай тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстаулықтар электр қуатының әлсіздігіне шағым айтты. Мұнайлы ауданына қарасты ауылдардың бірінде азаматтар жаз айларында тоқ көзінің төмендейтініне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алақандай ауылда қордаланған мәселе шаш етектен. Басты проблема тоқ кернеуінің тұрақсыздығынан көпшіліктің үйіндегі тұрмыстық техника істен шыққан. Тіпті электр жүйесінің тұйықталуынан үй өртенген жағдайлар да тіркеліпті. Асылбек Оңғарбаевтың бір жыл бұрын әлсіз тоқтың кесірінен баспанасы отқа оранып, біршама шығынға ұшыраған. 

Тоқ кернеуіндегі тұрақсыздық кесірі әлі де талайға зиянын тигізбей қоймайды деген үреймен жүрген Асылбек, электр күшін арнайы құрылғымен күнделікті бақылап отырады. Себебі тағы өрт шыға ма деп алаңдайды. Кернеудің әлсіздігін пеште пісіп жатқан нанның тұрған уақытынан білуге болады. Отанасы 2 сағат бұрын салған нан әлі піспеген. Себебі қуаттың төмендігінен пештің күші жетпей тұр.

Ауылда көшеаралық жолдар салынбаған. Көшеге асфальтін төсеу үшін бір жыл бұрын дайындық жұмыстары басталыпты. Қиыршық тастары жайылып, тек тақтайдай тас жол салу қалып тұрған. Алайда асфальт төсейміз дегенше жол астында болуы керек материалдан түк қалмапты. Енді екі жұмыс жасауға тура келеді.  

«Жалпы 15 км жолды бір жылдан бері жасап келдеі. Бес см төселген қиыршық тастан түк қалмады, астын топырағы. Ертең үстіне асфальт төсей ме?» – деді Қызылтөбе ауылының тұрғыны Қадиша Бахитова

Қарапайым қызметтен мақұрым қалған ауылдағы ағайын орталық көшеге жиналып, ауыл басшысын шақырды. Көпшілік қордаланып қалған проблемаларын ортаға салды. Әкім әр салаға жауапты мамандарымен тұрғындардың сауалына жауап беріп, мәселелер рет-ретімен шешіледі деп уәде беріп отыр.

«Маңғыстауэнерго» басшысы аптаның ішінде мәселенің бәрі шешілетінін айтты.  Ертеңнен бастап кірісе бастайды. Тиісті жұмыстар жүргізеді. Асфальт алу да мәселе болып тұр. Алдымыздағы апта қалған көшелерге асфальт төселе бастайды», – деді Қызылтөбе ауылдық округінің әкімі Нұрберді Беков.

Ауылда бұдан бөлек ауыз су, балалар ойын алаңы, абаттандыру төңірегінде мәселелер де өзекті. Қызылтөбе ауылдық округінің басшысы Нұрберді Беков кейбір мәселе жыл соңына дейін, енді бірі келер жылы шешімін табады деп сендірді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Терезеден келген қауіп: Алматыда 6 дерек тіркеліп, бір бала көз жұмды

Новости партнеров