Алмалы ауданының прокуратурасы мен төтенше жағдайлар қызметі профилактикалық жұмыс жүргізді
Былтыр елімізде 215 бала биіктен құлап кетті. Өкінішке қарай, 13 бүлдіршін өмірімен қоштасқан. Қалғаны ауыр жарақат алып, сай сүйегі сынып, мүгедек болыпты. Биыл алғашқы 3 үш айда жағдай ушығып, көрсеткіш екі есе өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандар мұндай оқиғалардың негізгі себебін ата-ана қадағалауының әлсіреуінен деп отыр. Сондықтан Алмалы ауданының прокуратурасы мен төтенше жағдайлар қызметі бірнеше тұрғын үй кешеніне барып, профилактикалық жұмыс өткізді.
«Қайғылы жағдай ересектердің қадағаламағандығынан болады. Терезе ойылған торлар баланың салмағын көтере алмайды. Аудан прокуратурасы төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп кешендерде профилактикалық іс-шара өткізді. Ерекше назар көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға аударылды», – деді Алмалы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Ринат Исмаилбаев.
Мегаполисте де жағдай мәз емес. 2024 жылы 13 бала терезеден құлап, төртеуі көз жұмған. Ал биылғы алты айда 6 дерек тіркеліп, бір бүлдіршіннің өмірі қиылыпты. Қорқыныштысы, көрсеткіш азаймай тұр. Сондықтан ата-аналар қауіптің алдын алу үшін терезе маңында барлық мүмкін деген қауіпсіздік шарасын қолданып, блокераторларды қойғаны абзал.
Дендеп бара жатқан тағы бір күрмеулі мәселе – балалар суициді. Алматыда 2024 жылы 16 жасөспірім өз-өзіне қол салған, 58-і суицидке әрекеттеніпті. Ал биыл 10 оқушы өмірімен қоштасуға бел буып, тағы 10-ы өз-өзіне қол салмақ болған жерінен құтқарылды. Мамандар алаңдарлық көрсеткіштерге қарап, ата-аналарға бірнеше кеңес айтты.
«Суицидтің үш жағдайда орын алады. Біріншіден, телефонның әсері, екіншіден родология, үшіншіден баланың бос уақыты көп. Ол жатады, отырады, эмоциясын шығара алмайды. Ал ол эмоционалды және физикалық тұрғыда сыртқа шығады. Көп қимылдамаған бала эмоциясын басқаа алмайды. Ол өзімен өзі өсіп жатыр, ата-ана жұмыс істеп жүреді. Ондай өмір балаға қызықсыз», – деді психолог Шынар Құсманқызы.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін құзырлы орган өкілдері мониторинг пен профилактика жұмыстарын жалғастыра береді. Әсіресе көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ерекше назар аударылуда. Кейбір пәтерлерге терезеге арналған қорғаныш блокаторлары да арнайы орнатылды. Жауаптылар бұл науқанды жаз мезгілі аяқталғанша апта сайын жүргізбек.
Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов.
Оқи отырыңыз: Шомылу маусымы: Қапшағай жағажайларында қауіпсіздік күшейді