Астыртын лаборатория және миллиардтаған ақша: Интерпол іздеудегі азаматты елге қайтарды

Depositphotos
Depositphotos

Қаскөйге мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің ықпал етуімен бұл елден ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген күдікті Қазақстан азаматын экстрадициялады. Оған аса ірі мөлшерде психотроптық заттардың заңсыз айналымымен айналысты және қылмыстық кірістерді заңдастырды деген айып тағылып отыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Тергеу мәліметтері бойынша, ұсталған азамат Алматы облысының аумағында астыртын нарколаборатория жұмысын ұйымдастырған. Дайындалған психотроптық заттардың аналогтары кейіннен осы облыс пен Алматы қаласының аумағында «жасырын қойып кету» (закладка) әдісімен таратылған.

Тергеу барысында қылмыстық топтан 10 килограмға жуық психотроптық зат (мефедрон) тәркіленді.

Заңсыз әрекеттен түскен кірісті қаскөйлер түрлі қаржылық операциялар арқылы заңдастырып отырған:

  • Криптоалмастырғыштарды пайдалана отырып, 1,8 миллиард теңгеден астам сомаға қаржылай операциялар жүргізген;

  • 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдарын сатып алған.

Мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында аталған активтердің барлығына арест қойылды.

Қазіргі уақытта қылмыстық топ қатысушыларының бір бөлігі сотқа тартылып, олар бойынша сот процесі жүріп жатыр. Ал кейбір мүшелері, соның ішінде Грузиядан жеткізілген күдікті, тергеу органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған еді.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Тағылған айыптар бойынша оған мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр.