Республикалық маңызы бар жолдың опырылуы салдарынан көлік қозғалысы тоқтап, мамандар шұғыл түрде айналма жол салуға кірісті
Алматы облысында табиғат мінез көрсетіп, еріген қар суы республикалық маңызы бар Кеген-Нарынқол трассасының тас-талқанын шығарды. Бүгін сағат 11:30 шамасында болған апат салдарынан ондаған көлік жолда қалып, тұрғындар барар жеріне жете алмай әлекке түсті, - деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жол жабық. Қазір міне, бәріміз тұрмыз. Қаншама халық, қаншама сағат уақытымыз кетіп жатыр. Халықтың азық-түлігі, малы, көмірі – бәрі осы жалғыз жол арқылы өтетін еді», – дейді Нарынқол ауылының тұрғыны Сағынтай Көшкенов.
Жолдың жабылуы тек жүк тасымалына емес, адамдардың денсаулығы мен күнделікті жұмысына да кедергі келтіріп отыр.
«Нарынқолда тұратын халықтың екінші ауданға жұмысы бар, ауруханаға барып келе жатқандар бар. Бұл халық үшін үлкен қиыншылық болып тұр», – деп толықтырды Кеген ауылының тұрғыны Медетбек Әбдікәрімов.
«Асфальттың биіктігі шамамен 2,5-3 метрді құрайды. Қазіргі уақытта «Қазавтожол» Алматы облыстық филиалының күшімен 20-ға жуық техника жұмыс істеп жатыр. Уақытша айналма жолды жасау жұмыстары атқарылуда. Шамамен 2 сағаттың көлемінде дайын болады», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы бөлімінің басшысы Досбол Тепішев.
Бұл учаске арқылы тәулігіне 500-ге жуық автокөлік қатынайтынын ескерсек, жолдың тезірек ашылуы аймақ үшін стратегиялық маңызға ие.
Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер – балалар игілігіне: Шымкентте заманауи жатақхана ашылды