Нашақорлыққа қарсы ұлттық спорт: Астанада көкпаршылар бақ сынады

09.06.2026 15:34
МВД РК

Есірткіге қарсы көкпар: Астанада ауқымды ат спорты бәсекесі өтті, — деп хабарлайды Almaty.tv ҚР ІІМ-не сілтеме жасап.

Елордада жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу мақсатында «Астана – есірткісіз қала» ұранымен көкпардан дүбірлі жарыс ұйымдастырылды. Ауқымды шара ұлттық спорт түрлерін дәріптеумен қатар, өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыруды көздейді.

Дәстүрлі бәсекеде бақ сынау үшін алаңға 400-ге жуық спортшы шықты. Нағыз спорттық рух пен ұлттық құндылықтар көрініс тапқан тартысты додада командалар өздерінің ептілігі мен төзімділігін паш етті.

Шара барысында есірткіге қарсы акцияға ерекше мән берілді. Мәселен, спорт клубының 200-ге жуық мүшесі арнайы дайындалған «Астана – есірткісіз қала» жазуы бар бірыңғай жейделермен шығып, осы ұран жазылған туларды көтерді. Салтанатты сәт жобаның басты мақсатын айшықтай түсті.

Аталған шараға Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен «Астана жастары» ресурстық орталығының өкілдері арнайы қатысты.

Тәртіп сақшылары мен ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық іс-шаралар жастардың бойында есірткіге деген мүлдем төзбеушілік сезімін ұялатып, оларды белсенді әрі салауатты өмір салтын таңдауға ынталандырады.

Оқи отырыңыз: Спорт пен технология: Астана халықаралық «Болашақ ойындарын» қабылдайды