Науқастарға дәріні робот апарып береді: Алматыда жаңа жүйе іске қосылды

02.06.2026 18:54

Дәрілік заттарды сақтау жағдайы қатаң бақыланады

«Науқастарға дәрі-дәрмектерді робот апарып береді». Алматыда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына осындай жаңа жүйе енгізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Институтқа әкелінген дәрілердің барлығы бұдан былай жаңадан ашылған фармация бөлімінде сақталады. Бұрын олардың санын есептеу мен іріктеуге, сонымен қатар науқастарға бөліп беруге айтарлықтай уақыт кететін. Енді мұның барлығы – цифрлық жүйенің жауапкершілігінде. Жаңа бөлімде емдеу үдерісіне клиникалық-фармакологиялық бағалау жүргізу, терапияның тиімділігі мен қауіпсіздігін бақылау, емдеу тәсілдерін таңдау және дәрілік заттарды сұйылту жұмыстары жүзеге асырылады.

«Дәрі институтқа кіргеннен пациентқа жеткенге дейін көріп отырамыз. Қандай дәрі берілгенін, қанша берілгенін, дұрыс болды ма, қандай түрде жеткізілгенін – бәрін тексеріп отырамыз. Ең басты пациенттің қауіпсіздігі. Басқа дәріні ішіп қоймайды. Әр дәріні санаймыз», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.

Мұнда дәрілік заттарды сақтау жағдайы қатаң бақыланады. Яғни, олардың жарамдылық мерзімі нақты есептеліп, қаралады. Сондай-ақ ерекшеліктің бірі – медициналық препараттарды медбикелер емес, робот тасымалдайды. Яғни ол науқасқа керек уақытында қажетті дәріні апарып береді. Бұл – еліміздегі алғашқы толыққанды цифрландырылған бірден-бір жүйе.

«Дәрілік заттарды сақтау жүйесі толыққанды автоматтандырылған. Екіншіден, қатты дәрілік заттарды, яғни таблеткаларды автоматтандырылған жүйе арқылы әр науқасқа жеке жеткізіледі», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бөлім басшысы Айгүл Бақтығалиева.

Айта кетейік, бұл Мемлекет басшысының денсаулық сақтау инфрақұрылымын цифрландыру және заманауи автоматтандырылған жүйелерді енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Оның әрбір кезеңі сапа мен бақылаудың бес деңгейлі тетігі арқылы қадағаланады. Соның нәтижесінде ең алдымен науқастың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, медициналық қызметтің сапасы артады. Мамандардың айтуынша, ресурстар тиімді пайдаланылады және денсаулық сақтау жүйесіне деген сенім нығая түседі.

Айдана Шалқар, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: «AI-Sana»: Елімізде 670 мыңнан астам студент жасанды интеллект курсын аяқтады