Наурыз көже тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы саналады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлыстың ұлы күнінде әрбір үйде Наурыз көже пісіріледі. Бұл тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы саналады. Ақ тағамды мереке қарсаңында әр қазақ үйіне құттықтап келген қонақтарға ықыласпен ұсынады. Жеті түрлі дәмнен дайындалатын ас – дастархан көркі, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Құдайберген әулеті Наурыз мейрамы ерекше санайды. Бұл күні отбасы мүшелері бас қосып, сары майдай сақтаған тәтті дәмділерін дастарханға қояды. Жеті түрлі дәм қосылған көже, қызарып піскен бауырсақ пен тоқаш-нандар – мерекелік үстел сәні. Сүрленіп тұрған еттің жөні бір бөлек.

«Наурыз көже – ұлттық тағам. Бірінші анамнан көргенмін, одан кейін келін боп түскен кезде енем пісіреді. Ол кісілер үлкен қазанға ет асатын. Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда көпшілікке тарататын. Ата-енемнен, анамнан үйренгенімді келіндеріме үйретіп жатырмын», – деді қала тұрғыны Назгүл Әділбекова.

Бұл күндері ұлыс оң болсын, ақ мол болсын деген тілек те жайдан-жай айтылмаса керек. Себебі, дастарханға құрт, ірімшік, қаймақ, май секілді тағам түрлері қойылады. Бұл молшылықтың белгісі саналады. Халқымыз Наурыз мейрамында есігіңіз ашық, дастарханыңыз дәмге толы болсын деп тілек айтады. Өйткені, бұл күні шаңыраққа береке-бақыт қонады деген сенім бар.

«Ұлттық тағамдардың бірі - жент. Талқаннан жасалынады. Айтарлықтай бір ерекше құпиясы жоқ. Ең алдымен, талқанға қоюлатылған сүт қосамыз, одан кейін алдын ала дайындалған сары майымызды қосып дайындаймыз. Негізі тіскебасар сияқты көрінгенімен, өте тоқ тағам. Құнары мол. Әсіресе, ораза кезінде көп ұсынылып жатады. Сәресіне ішсе, күні бойы тоқ жүреді. Талқанға қосымша мейізді де қосып жасауға болады. Әркімнің талғамына қарай,қоспадым. Осы қоспаларды қосқаннан кейін сықпа құрт сияқты қысып-қысып, осылай жасалынады. Немесе әртүрлі пішін домалақ жасаса да болады», – деді Н. Әділбекованың келіні Жанар Бегулиева,

Үлгілі отбасы барлық салт-дәстүрді ұстанады. Ынтымағы жарасқан жанұя тату-тәтті өмір сүріп, бір дастарханда жиі жиналады.

«Ораза айында келіп жеткен жаңа жылымыз құтты болсын. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Төрт түлік аман болсын. Ағарған көп болсын. Наурыз құтты болсын!» – деді қала тұрғыны Қайрат Ысқақ.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Наурыз көже қай өңірде тәтті

Новости партнеров